Hi-Tech
Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Ұлттық мемлекеттік кітап палатасы мен «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қоры бірлесіп жасаған «Smart qalamger» әлеуметтік жобасы таныстырылды
«Smart qalamger» жобасының негізгі мақсаты – қаламгер мен оқырман байланысын нығайтып, шығармалардың көпшілікке қолжетімді болуына ықпал ету. Нақтырақ айтсақ, бүгінгі жазушы қауым өз туындыларын заман талабына сай интернет беттерінде жария етіп, кеңірек насихатталуына мүмкіндік алмақ. Кітапханаға баруды қиынсынатын оқырман үшін ғаламтор, смартфон арқылы шығарма оқу әлдеқайда тиімді бола түсері сөзсіз.
Айта кетсек, аталмыш жоба «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында жүзеге асып жатыр. Кітап палатасының директоры Әділ Қойтановтың айтуынша, жаңа жоба Қазақстан Жазушылар одағына мүше қаламгерлердің веб-сайтын тегін жасап, техникалық қолдау көрсетеді, ең бастысы, шығармаларды бір жүйеге жинақтап, электронды база құруды мақсат етеді.
Сонымен қатар, Кітап палатасының баспасөз мұрағаты негізінде қаламгерлердің толық библиографиялық анықтамалығы жасалып, оқырманмен және шетелдік жазушылармен тығыз байланыс орнату мәселесі қолға алынады.
Шара аясында ҚР Ұлттық мемлекеттік Кітап палатасының директоры Әділ Қойтанов жазушыларға арнап жасалған веб-сайттармен таныстырып, сайт иелеріне арнайы сертификаттар табыстады. Ал, «Ақпараттық-технологиялық орталығы» қоғамдық қорының президенті Қанат Таңатаров веб-сайттардың техникалық мүмкіндігіне тоқталып, жобаға қатысты сұрақтарға жауап берді.