Саясат
"Ол отырған жердегі қысым мен жағдай - тіпті ең қауіпті қылмыскерлерде де жоқ...".
Швейцария үкіметі Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтің қызы Гүлнара Каримованың ісіне қатысты бұғатталған 555 миллион долларды Өзбекстанға қайтару процедурасын тоқтатты. Бұл туралы Каримованың швейцариялық адвокаты Грегори Манжа Twitter парақшасында хабарлады.
«Швейцарияның қылмыстық сотындағы үшінші үлкен жеңісіміз. 555 миллион долларды қайтару процесі тоқтады. Бұл ел клиентімізді еркінен тыс қамауын тоқтатпайынша Өзбекстан билігімен еш байланыс болмайды. Оған қысым күшейіп келеді. Каримованың өміріне қауіп төніп тұр», деп жазады адвокат.
Мұның алдында Гүлнара Каримованың қызы Иман Каримова инстаграм парақшасында Швейцария анасының бұғатталған миллиондарын Өзбекстанға қайтаруды тоқтатқанын хабарлаған еді.
Одан бөлек, Иман прокуратураны және Гүлнар Каримова тұтқында отырған колонияның басшысын оның анасы үшін ауыр жағдайлар жасап, қажетті медициналық көмек көрсетпей және оған психологиялық қысым көрсетуде деп айыптаған еді.
"Менің анама колония басшылығының тарапынан физикалық қауіп төнуде. Ол отырған жердегі қысым мен жағдай - тіпті ең қауіпті қылмыскерлерде де жоқ...", - деп жазған еді Иман Каримова 2 шілдедегі хатында.
Айта кетсек, Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримовтың қызы Гүлнара Каримова 2017 жылдың желтоқсанында он жылға сотталған болатын. Ал 2018 жылдың шілдесінде жазасы жеңілдеп, бес жылға бас бостандығы шектелген еді. Экс-президенттің қызы жазасын Ташкентте тұратын қызының үйінде өтеуі тиіс болған. Алайда, 6 наурызда Бас прокуратура Каримованың жазаны өтеу шарттарын бұзғаннан кейін түрмеге ауыстырылғанын хабарлады.
Естеріңізге сала кетсек, Гүлнара Каримова 2015 жылдың тамызында ақша бопсалағаны және салықты төлеуден жалтарғаны үшін сотталған болатын. Оның үстінен тағы бірқатар айып бойынша қылмыстық іс қозғалған.