Weekend
Оның тәнінде төрт суретшінің жаны бардай әсерде қалдым
Жерорта теңізінің жағасындағы әсем қала Барселона жылдың қай мезгілі болмасын туристерді құшақ жая қарсы алады. Қаланың ауа райы әрдайым қолайлы, жанға жайлы. Теңіз жағасына барып, бір сәт дамыл тауып, жаныңызға, миыңызға тыныштық сыйлай аласыз. Бұдан бөлек, есімі аңызға айналған әйгілі модернист Антонио Гаудидің ғаламат ғимараттары да сізді есіңізден тандырып, жүрегіңізге эстетикалық ләззат сыйлары сөзсіз. Түкпір-түкпірі қызыққа толы бұл қалада зерігуге еш негіз жоқ.
Қала бірнеше бөлікке бөлінген. Бірі – ескі аймақ, Готикалық квартал деп аталады. Қаланың қақ ортасы осы жер. Бұл кварталда жанқалтаңызды толтырып, танымыңыздың көкжиегін кеңейтер, құдіретті өнердің салтанат құрған тұстары көп кездеседі. Соның бірі – испан-француз суретшісі Пикассоның музейі. Бұл музей суретшінің көзі тірісінде ашылған. Музей 5 ғимараттан тұрады. Бесеуі де XIII –XIV ғасырларда салынып, талай тарихи кезеңдердің куәсі болған.
Суретшінің досы, шынайы өнер мен талантты бағалай білетін белгілі коллекционер Хайме Сабартес осы музейдің ашылуына себепкер болған көрінеді. Сабартес өмірден өткен соң Пикассоның өзі шығармашылығының көп бөлігін осы музейге өткізген екен. Туындылары суретшілердің тарихында ең көп ұрлануымен ерекшеленетін Пабло Пикассоның бұл Барселонадағы музейі оның өзге мемлекеттер мен қалалардағы музейлерінен әлдеқайда үлкен. Картиналар саны да көп. Ең үлкені. Деректерге сүйенсек, бүгінде суретшінің 20 000-дай туындысының 2500-ге жуығы осы өнер ошағында сақталған. Олардың ішінде картиналардан бөлек, қыш-керамикадан жасалған бұйымдар, қағаз жазбалар да бар.
Музей табалдырығынан аттап басқаннан-ақ сізді ғажайып өнер туындылары өзге әлемге жетелеп кетеді. Пикассоның әлеміне.
Бір қызығы, егер сіз оның шығармашылығымен толық таныс болмасаңыз, сізге ол дәл осы музейде сан қырынан ашылады. Музейдің әр залына кіргенде, бір ғана суретшінің емес, бірнеше суретшінің қолынан туған дүниелер секілді әсер қалдырады. Пабло Пикассоны кубизмнің негізін қалаушылардың бірі деп білетіндер өз пікірін өзгертеді. Сурет өнерін өзге бір арнаға бұрып, жаңа серпін берген Пикассоның талай сырына қанығады.
Осы музейге жинақталған картиналар Пабло Пикассоның өмірі мен шығармашылығының әрбір кезеңінен хабар береді. Сол себептен де болса керек, мұндағы картиналар хронологиялық із бойынша орналастырылған.
Алғашқы залына кіргенде, сізді оның бозбала шағында салған суреттері қарсы алады. Бұл сіз білетін Пикассоны жаңа қырынан көрсетері сөзсіз. Бұл залдағы картиналар классикалық туындылар. Суретші ешқандай экперименттерге бармағаны айқын көрініп тұрады. Көзбен көрген дүниесін дәл сол қалпында салған. Көпшілігі портреттер. Автопортреті мен әкесінің портреті жадыңызда жатталып қалады. Сосын өзінің туған жері Малаганың кейбір көріністері – пейзаждар бар.
Келесі залға өтсеңіз, сіз мүлде басқа суретшінің туындыларын көргендей боласыз. Бұл Пикассоның шеберлігінен болса керек. «Көгілдір залға» топтастырылған картиналар аты айтып тұрғандай-ақ, тек қана көк түсті бояумен салынған картиналар. Картиналарға назар салып қарасаңыз мұң басым. Бұл картиналар Пикассоның досынан айрылып, қайғырып, жалғызсырап жүрген сәтінде салынған. Суретші көк түс арқылы өзінің басындағы бар ауыртпалығын жеткізе алған.
Ал енді, келесі залда қызғылт түс басым. Бұл оның Парижде өмір сүрген сәттерінде салған туындылары сақталған зал. Мұнда әйелдер бейнесі көп. Және суретшінің ғаламат махаббатты бастан кешіп, сезімге бой алдырғаны ап-айқын көрініп тұрады.
Бұл музейдің ең құнды байлығы келесі залдарда. Келесі залдарға өткенде, оның әйгілі «Мениндерімен» табысасыз. Содан кейін, оның өзгелер секілді бір сарында жүрмей, сантүрлі эксперименттерге бара білгенін бағамдап, таңдай қағасыз.
...Музейге кіру құны – 12 еуро. Қосымша аудиогид алсаңыз, экскурсияңыз мәнді бола түседі. Тегін кіруге болатын күндер де бар. Тегін кіруді Пикассоның өзі бұйырып кеткен екен. Содан бері әр айдың алғашқы жексенбісінде бұл музейге тегін кіруге болады.
P/S: Музей Монткада деген тар көшенің бойында орналасқан. Есігі елеусіз ғана қуыс (Қуыстың жанында суреттегідей тақтайша ілулі тұрады). Бірақ сол қуыстан кіргенде, сізді жап-жарық, сәулелі әлем күтіп тұрады. Барселонаға жол түскенде, соқпай кетпеңіз! Өкінбейсіз!