Weekend
ЖОО мен колледждерді бітірушілердің білім сапасына көңіл толмайды
Президент білім саласындағы ілгерілеушіліктерге қарамастан жұмыс берушілердің көпшілігі ЖОО мен колледждерді бітірушілердің білім сапасына көңілдері толмайды деді. Әсіресе, кәсіби білім беру саласын жаңғырту керек екеніне тоқталды. Нақты айтқанда: «Жуық арадағы 3 жылда 180 колледж және алдыңғы қатарлы 20 ЖОО құрылады», – деді.
Бұл жерде бір мәселені ескерген жөн. ЖОО мен колледждер жаңадан ашылмайды. ҚР Білім және ғылым министрлігінің хабарлауынша, «Жас маман» жобасы аясында елдегі бар 20 ЖОО мен 180 колледждер іріктеп алынып, жаңартылады, жаңғырту жұмыстары жүргізіледі. Оларда арнайы орталықтар мен заманауи ғылыми зертханалар құрылып, деңгейлері халықаралық стандарттарға дейін жеткізіледі. Бұл мақсатқа, яғни ЖОО мен колледждерді модернизациялауға алдағы 3 жылда республикалық бюджеттен 58 млрд теңге бөлінеді.
«Жас маман» жобасының басты мақсаты – индустриалды және қызмет көрсету салаларындағы ең сұранысқа ие 100 мамандық бойынша мамандар даярлау. Жоба аясында колледждер заманға сай құрал-жабдықтармен жабдықталатын болады. Шетелдік мамандар, ұстаздарымызды оқытып, дайындайды. Оқу орындары халықаралық салалық аккредитациядан өтеді.
«Бастысы – шетелдік әріптестерімізді тарта отырып, білім беру бағдарламаларын модернизациялау, едәуір жаңарту», – деді Президенті. Бұл жастарды қолдауға және білім саласын жаңғыртуға бағытталған аса маңызды жоба екенін айтты.