Саясат
Елорда күні Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында заңсыз митинг болды
"6 шілде күні Нұр-Сұлтан мен Алматыда полицейлер рұқсат етілмеген митингіге қатысқаны үшін 100-ден астам адамды ұстады. Олардың ішінде 44 адам әкімшілік жазаға тартылды, 19 адамға әкімшілік арест салынды, 23 адамға айыппұл салынды. Басқа адамдар әңгімелескеннен кейін босатылды", - деді Тұрғымбаев журналистерге берген сұқбатында.
Министрдің сөзіне қарағанда, митингілерге шығуға үндеген екі адамға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тінту кезінде дауыс зорайтқыштар, бояу шашатын балондар, түтіндету құтылары тәркіленген болатын.
"Полиция арнайы техниканы қолданған жоқ. Қоғамдық тәртіпті бұзған адамдар жағдайды ушықтыруға тырысты. Олар Алматыда Абай даңғылымен, ал Нұр-Cұлтанда Республика даңғылымен қоғамдық көліктің қозғалысын тоқтатпақшы болды", - деп атап өтті Тұрғымбаев.
Айта кетейік, 6 шілде күні Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында заңсыз митинг болды. Ішкі істер министрлігінің мәліметі бойынша, прокуратура органдарының ескертуіне қарамастан, кейбір адамдар тәртіп бұзып, заңға қайшы әрекет еткен.