Weekend

Сіләмнің құрдасы (Әңгіме)

Нұртаза ұстаз сақал-мұртын сайтан тайып жығылардай жап-жалтыр қып қырып тастапты, мұны көрген Сіләм тыныш отырмай: - Бала-шаға аман ба? Қу иек,- деп еді, Нұртаза ойланбай: - Аллаға шүкір, жүн иек!- дегенде, сақалы бар да, жоғы да ду күлді. Сіләм сақалын сипайын деген қолын еріксіз түсіріп жіберді. "Жүн иек" десе дегендей жасы отыздар шамасындағы Сіләмнің сақалы әрі ұзын, әрі қою болатын. Молланың қасында төрде отырған көсе Оразбек бай семіз денесі селкілдеп раxаттана күле берді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Екі атты ойға қарай ойысқан сайын, көктем самалы демін ішіне тартып тынып барады. Тер басқан аттар да жиі пысқырып, изектеп келеді, кейде тұра қалып танауларын тізесіне үйкейді.
– ағасы, әңгімені жақсы айтады екенсіз, құлақ құрышым әлі қанбай келеді, айрылысар жер де аз қалды, естелік болып есте қалсын, тағы да әңгімеңізді қозғай отырыңыз!- деп өтінді Қайса.
– Інішек, әңгіме құмарлығыңа қарағанда, сенің жиып-тергенің аз емес болу керек, “біреудің жайасын жесең, ұшаңды сайла” деген бар,- деді Тұрдыбек.
– Арналы өзен ағып жатса, оның бойынан құдық қазудың қанша қажеті болсын, айта беріңіз.
– Болады, қолқалай бердің ғой. “Сіләмнің құрдасы” деп әңгіме етіп айта жүрерсің, әңгімені тағы да сол екі құрдастан бастайын.
Ел жайлаудан түсіп күн салқын тарта, сары сүзектің беті қайтып, ел есін жиып, сейіле бастады. Мына Белағаш деген жерде ауыл жиі қонып, өлгендерге ас берді. Байқараның асын берген күні мен Сіләм молларар түскен үйде болдым. Ол үйге қасында бірнеше жастар бар Нұртаза кірді. Үйде отырған жастар сырылып жоғары жақтан ала Нұртазаға орын бердік. Төр алдында төбедей болып шалқалап Сіләм да басын көтеріп, сәлем алды. Нұртаза ұстаз сақал-мұртын сайтан тайып жығылардай жап-жалтыр қып қырып тастапты, мұны көрген Сіләм тыныш отырмай:
– Бала-шаға аман ба? Қу иек,- деп еді, Нұртаза ойланбай:
– Аллаға шүкір, жүн иек!- дегенде, сақалы бар да, жоғы да ду күлді. Сіләм сақалын сипайын деген қолын еріксіз түсіріп жіберді. “Жүн иек” десе дегендей жасы отыздар шамасындағы Сіләмнің сақалы әрі ұзын, әрі қою болатын. Молланың қасында төрде отырған көсе Оразбек бай семіз денесі селкілдеп раxаттана күле берді. Ол Нұртазаның сөзіне разы болған сияқты, алдындағы қымыз шынысын ұсынып жатып:
– Әй, ұстаз, сен құрдасыңа қалжыңдаған болып, мына ақсақалдарды да қырқай шалып алдың ба, қалай?- деп Нұртазаға көзін қысып қойды.
– Олай емес, Байеке, ат айналып қазығын тапқандай, менің де оғым тиетін нысанам ашық қой, “қисықты түзейтін – тез” дейтін мақал да бар, силайтұғын сақал да бар, менің сөзімнің арнаулы ғана иесі бар, ілгіші жоқ. Үлкендердің бір сөзі бар ғой: “сөзге сөз келгенде айтпасаң, сөздің әкесі өледі” дейтін. Менікі сол ғана,- деді Нұртаза жайдар ғана күліп. Төрде отырған бір ақсақал Оразбек байға қарап:
– “құрдас ел де емес, жау да емес” деген бар ғой, құрдастардың әзілінде біздің бүйімтайымыз қанша?- деді. Сіләм Нұртазаны нұсқап:
– Барлығыңыз көріп отырсыздар, бұл бір жүгенсіз, бейпіл сауыз, кешке дейін баққаны қу сөз, сондықтан ішкен-жегені де бойына қонып, шырайына шыр жұқпайды, қашан көрсең, жұртта қалған қу қазықтай қурайды да жүреді,- деп осы сөзді тауып айтқан шығармын дегендей қарқылдап күлді. Өзінен басқа езу тартқан жан болмады, Нұртаза оның үш қалталы қара шапанға симай іркілдеп отырған денесіне қарап:
– Оның рас, “жұт жылы қарға семіз, өлімді жылы молла семіз!” биылғы келген сары сүзек саған жақты, әр күнің тайыншадан үспейді, құлындайтын биедей қарның анау салақтап тұрған, ана түймелерің қысылып тұр ғой, бұлықпай ағытып қой,-дегенде, отырған жұрт тағы ду күлді.
Сіләм қайнаған суға түскен өкпедей қаны тартылып:
– ей, жырық ерін, жап аузыңды!-деп де, көмек сұрағандай көзін қасында отырған Оразбекке төңкерді. Нұртаза іліп әкетіп:
– Басыңда ақыл болмаса, екі көз мұрынның үстін де көре алмайды,-дегенде, от алып, қопаға түскен Сіләм:
– Әй, дінсіз! Ұят болсашы сенде,-деді сөзден әбден тұралап. Мұнысы – сенде дін болса, молламен жағаласпаған болар едің деген сияқты.
Нұртаза сықылықтай күліп:
– Молла, сен сүзетін теке көзденіп ашуға баспа, бұрын екеуміз сияқты бір молла мен бір ұры кез болып қалыпты. Олар әңгімелесіп отырғанда, күні біткендерді алайын деп “жан алғыш Әзірейіл” ел аралап жүріп, бұларға кез болыпты. Сонда молла тұрып:”мен жасымнан құдайға құлшылық етіп, екі тізем тесілгенше намаз оқыдым, орным ұжымақтың қай жерінде екен?” депті. Ұры:”менің маңдайым жайнамазға тиіп көрген жоқ, істегенім ұрлық, салатыным зиян, менің орным тозақтың қай жерінде екен?” деп сұрапты. Күпірлік еткен молла тозаққа, өз қылмысын таныған ұры ұжымаққа кіріпті,- деп еді, семіз Сіләм май басып кеткен қысқа мойнын екі жаққа бұрып, сақалды иегін көтеріп, буынып бара жатқандай ақ көйлегінің жағасын ағытып, тағы да көне күшке басып:
– Байтанасты намазсыз көмгізген күнәң үшін шариғат үкімі бойынша сені 40 кесекпен шалма кесек етіп өлтіру керек,-деп семіз басы жосамен бойаған шелектей қызарып кетті.
– Намазсыз көмілді деп кім айтты?-деп Нұртаза да қадала түсті. Нұртаза жігіт қой, сол кезде бай мен билерден, тіпті сол кездегі үкіметтен де именбейтін.
Ашуға әбден сыздап алған Сіләм:
– Қане, намазын кім оқыды?-дегенде, Сіләмді одан ары отқа түсіргісі келген Нұртаза:
– Мен оқыдым,-деді іркілместен. Байтанасқа Нұрғали молланың намаз оқығанын көргендер мен естігендер қайран қалды.
– Не деп оқыдың?-деп Сіләм енді сүрінерсің дегендей қомақтана қақырынып қойды.
– Былай оқыдым:
“Молласы жоқ кедейміз,
бұл өмірге өгейміз.
Байтанас қалып жайында,
Сіләм кетті байына.
Шақырсам Сіләм келмеді,
жаназа оқып бермеді.
Сауап деуді білмеді,
кедейді көзге ілмеді.
Ей, Алла! Рақым-шапағат ете гөр,
Байтанасқа жұмақтан орын жер.
Арапшаны білмейміз,
қазақша тілек тілейміз.
Қазақша да Алла ұғарсыз
Болмаса, Сіләм барғанда сұрарсыз!” деп оқыдым дегенде, мұның өтірік екенін, намазын Нұрғали молланың оқығанын білетіндер мен жастар жағы күліп жатыр. Нұрғалидың жаназа шығарғанынан xабарсыз қарттар бір-біріне қарап, тіксініп қалды да, Сіләмға қарай берді. Сіләм жағасын ұстап:
– Тәуба, тәуба! О, күнәxар пенде! Мынаны қайтып мұсылман деуге болады, сен дұға орнына қазақша сөйлесең, ол қайтып қабыл болады, күнәкәрсың!-деп қалды.
– Ей, молла, “дұға” деген “тілек” деген сөз, мұны қайсы тілмен тілесең де болып жатыр. 18 мың ғаламды жаратқан Алла қазақ тілін білмейді десең, алдымен сен күнәкәрсің, біздің ақылды деген шешеміз молладан намаз үйренем деп, тілі де келмей, ешнәрсе ұға алмапты. Сонан өзі құрап “ақ қойдың кеудесі, қара қойдың кеудесі, мен құдайдың пендесі, жылқышының қосы, Мұқамбет – құдай досы, бар білгенім осы” деп оқиды екен. Кейін Татар қазіреттен сұрағанда: “көңілі түзу, ниеті дұрыс болса болғаны” депті. Сен сол қазіреттен артық білесің бе?- деп молланың аузын аштырмады. Қысылып қалған Сіләм енді мына жақтан сүріндірмек болып:
– Сен ақымақ, қайуан, не білесің, міне, пайғамбар жасына келдің, әлі сақал-мұртты қырып, құдайға күнәкәр болып қарсылық жасайсың, сақалдың бір тал түгінің түбінде бірден періште болады,-деп еді, Нұртаза сақылдап күліп:
– Басқаң рас болса да, дәл осының өтірік, мен періштенің ұясын бұзған-ақ болайын, сонда Оразбек байда періште болмағаны ма?!- деп Оразбекті өзіне одаққа тартты,-“өтіріктің өзіне сенбе, ебіне сен” деген, періштелер 18 мың ғаламнан мекен таба алмай, сақал мен мұрттың түбін мекен етті десең, кім сенеді? Періштенің де саны бар шығар. Оразбек бай екеумізді шағарып тастағснда, сақалдылар аз ба!? Тіпті өзіңде неше мың періште қонақтап отырған жоқ па, бұл бүтіндей өтірік,-деді. Іштей құсаланып отырған Оразбек моллаға сыртын беріп:
– Қазақтың “өртейтұғын кітап бар, өлтіретін молла бар” дегені осындай шала моллардың өтірік шариғатынан шыққан-ау,-деді тырсылдап. Отырғандар осы бір айтылған жүйелі сөздерге ду күлді. Сіләм Нұртазаны мұқатам деп Оразбек байдың шабына шоқ түсіріп алғанына өкініп отырғандай көрінді. Ана жақтан бір жас жігіт:”онда әйелдер байқұста періште де жоқ болды ғой” деді дауыстап. Тағы бір жігіт:”содыр жігіт елді бұзады, шала молла дінді бұзады” деп еді, Сіләм арбадан бұзылған ат көзденіп, шатынап орнынан түрегелді де: – кетем, мынамен бір дастарxанда отырып тамақ жеуге болмайды!- деп жүруге ыңғайланды. Төрде отырған үлкендердің Оразбек байдан басқалары “отырыңыз, отырыңыз!” деп етек-жеңіне жабысып, жігі-жапар болды. Кейбіреулері:”ай, шіркін, құрдастық-ай, бетің-жүзің демейді!” деп жатты.
Құрдасын осынша желкелеп ренжітіп алғанына Нұртаза да өкінді, білем:
– болды, отыр! Бір жылда туған төл болған соң, сенің сөзіңді басымнан асырғым келмейді, өзің де аяғана қан түскен сүріншек аттай жазық жерде де сүріне бересің, сен отыр, арамсынсаң, мен басқа үйге шығайын,- деді де, иығынан басып отырғызды, Нұртаза жүре бергенде:
– Отыр, ұстаз!- деді Оразбек бай.
– Жоқ, байеке, мен бар жерде бұған тыныштық жоқ, тағы да қағысып қаламыз, мынау кішкене деп алсын!- деп шығып кетті. Жастар тобы ілесе жөнелдік…

Қаусылқан Қозыбайұлы (1924~1979ж) ШинЖиаң осы заман қазақ әдебиетінің негізін салушы, драматург.

Төтешеден қотарған Мәулен Жанболатұлы