Саясат

Мұхамедиұлының жаңа қызметтегі жалақысы 3 миллион теңге ме – экс-министр жауап берді

Арыстанбек Мұхамедиұлы жаңа қызметтегі жалақысына қатысты пікір білдірді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ұлттық музейдің жаңа директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы Facebook желісіндегі парақшасында өзінің жалақысы туралы қауесетке қатысты пікірін айтты. 

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Мұхамедиұлының жаңа қызметтегі жалақысы 3 миллион теңге деген ақпарат тараған болатын. 

"Жалақымның қанша болатыны әлі өзіме де белгісіз болып тұрғанда, ол туралы жалған ақпарат тарап кетті. 3 000 000 теңге көлеміндегі еңбекақы - жалған. Мұндай шындыққа жанаспайтын ақпарат тарату кімге пайда әкелетінін білмеймін, fake news қолдан жасалғанына күмәнім жоқ. Тым әсіре сілтепті, басқа не айтуға болады", - деп жазды Мұхамедиұлы. 

Шенеунік мәдениет және спорт министрі ретінде қанша жалақы алғанын, енді Ұлттық музейдің директоры қызметінде жалақысы қанша екенін айтты. 

"Өздеріңізге аян, көптен бері мәдениет саласы қызметкерлеріне жоғары жалақы беруін сұрайтынмын. Министр қызметін атқарған бес жыл ішінде осы мәселені бірнеше рет көтердім. Егер осындай ақпарат шындыққа жанасса, әрине қуанар едім, өкінішке қарай, бұл әзірге мүмкін емес. Әдеттегідей сіздерге шынымды айтайын: министр қызметін атқарғанда еңбекақым 980 000 теңге болды, 2015 жылғы 31 желтоқсандағы №1193 "Азаматтық қызметшілерге мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы" ҚР Үкіметінің Қаулысы негізінде Ұлттық музей директоры ретінде 172 436 теңге есептеліп, қолыма 139 673 теңге беріледі. Бұл қызметтегі менің санатым "А1-1", еңбек өтілім мамыр айын қоса алғанда 31 жыл үш ай болды", - деді ол. 

Арыстанбек Мұхамедиұлы өзінің жалақысын 95 пайызға арттырып, жалған ақпарат таратқандарды айыптады. 

"Сонымен, достарым, не шықты? Нағыз фейк. Жалған ақпаратта менің айлық жалақым ретінде көрсетілген сома еңбекақымды 95 пайызға көбейтіп, 12 айда алатын 1 676 076 теңгені екі есеге арттырыпты. Бізде "он үшінші еңбекақы", бонустар жоқ. "Кездейсоқ" миллиондарға қателесіп кетіпті", - деп жазды Ұлттық музей директоры.

"Мұндай жалған ақпаратқа сенген адамдар табылып, оларға түсінік беруім күлкілі жағдай. Осымен бұл тақырыпты талқылауды доғарайық, ағайын. Мұндай ұсақ-түйекке уақытымды енді кетірмеймін: ақылдылар өздері түсінеді, ақымақтарға түсіндіре алмайсың", - деп ойын қорытындылады. 

Айта кетейік, Арыстанбек Мұхамедиұлы 10 шілдеде Қазақстан Республикасы Ұлттық музейінің директоры болып тағайындалған болатын. Оған дейін бес жыл бойы мәдениет және спорт министрі қызметін атқарған еді.