Weekend
Абай өлеңдері ермек те, фестиваль да емес
Абай Құнанбайұлының 175 жылдығына орай мемлекет басшысынан бастап, жаппай шенеуніктерге дейін ақын өлеңдерін жатқа оқудан эстафета басталған. Бұл эстафетаны әркім өзінше пайымдады. Бірі қосылып жатса, бірі қалыс қалды. Facebook-те Айгүл Асылбекова бұл мәселеге өз ойын айтып, нүктесін қойған секілді.
"Мен мүмкін түсінбеймін. Абайдың өлеңдерін оқудан жарыс өтіп жатыр ма? Тіпті орыстар қосылатындай бұл не фестиваль? Сол орыс Абайды жақсы көретіндей. Əйтеуір əсіре елікпе-желікпе елміз ғой. Абайды оқыса қазақ оқысын. Қарасөзін оқысын. Қазақтың қандай билікқұмар, мансапқұмар, қанағатсыз, тойымсыз, ашкөз, даңғой, жалқау, жабайы, дарақы, қызғаншақ, есерсоқ, тоқалшыл, жабысқақ , жағымпаз болғанын білу үшін оқысын. Оқудан озып тұрмыз. Ақылдымыз. Ақылды болсақ неге кедей, неге көнбіс, неге аңқау елміз? Баяғы жартас сол жартас. Өзімізше өтірік Абаймен өмірімізді өрнектегіміз келеді. Өткен ғасырлардың шежірелерін айта-айта ауыз көпірді. Қойыңдаршы! Бұл – кезекті науқан. Бізге бүгін Абайдың өлеңі керек емес. Бізге өзгеріс, серпіліс керек. Алға адымдау керек. Керегі – Жер. Шекараны сақтау. Қауіпсіздік. Əділетті заң. Бейбітшілік. Тәртіп. Тазалық. Байлық. Ғылым мен білім. Денсаулық. Прогресс. Сенім. Адамгершілік. Балалардың бақытты өмірі керек. Болашағы бар жастар керек. Бақуатты ата-аналар керек. Күтімі бар қариялар керек. Утопия дейсіздер. Иə, бəрі күмәнді. Бізді алда не күтіп тұр? Неге біз əлі күйзеліп жүрміз? Сондықтан қойыңдаршы осы! Жас баладай ермек іздеп, əсіре еліге-желіге бермей. Абай өлеңдері ермек емес. Фестиваль да емес".