Саясат
Мемлекет басшысы үкіметке ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізуді тапсырды
Тоқаев ауыл шаруашылығы министрлігі жерді тиімді пайдалануға мониторинг жүргізуге кіріскенін атап өтті.
"Бұл жұмысты соңына дейін жеткізу қажет. 2021 жылы Жер кодексінің жекелеген нормаларына қатысты мораторий аяқталады. Нақтылап айтсақ, ауыл шаруашылығы жерлерін сату және жалға беруге салынған тыйым туралы сөз болып отыр. Біз бұл мәселеге қатысты соңғы шешім қабылдауымыз қажет. Шетелдіктерге келер болсақ, оларға жер сатылмайды", - деді Тоқаев үкіметтің кеңейтілген отырысында.
Президенттің айтуынша, ауыл шаруашылығы министрлігі жүргізген инвентаризация кезінде 16,5 миллион алқаптың пайдаланылмай, бос тұрғаны анықталған.
"Бұл мәселенің бір шеті ғана. Үкіметке ауыл шаруашылығы жерлеріне аудит жүргізуді, жер кадастрының ақпараттық жүйелерін цифрландыруды тапсырамын. Жер – өндірістің басты факторы. Бұл мәселеде тиімділік пен ашықтық болмаса, ауылды дамыта алмаймыз. Мұның күрделі жұмыс екенін түсінеміз, бұл жерде ауыл шаруашылығы мен цифрлық даму министрліктерінің үйлесімді өзара іс-қимылы қажет", - деді мемлекет басшысы.
Тоқаев цифрландыру жұмысын келесі жылдың соңына дейін аяқтауды тапсырды.