Саясат
Президент мәселе көтерді
Елордадағы ЛРТ жүйесі қатаң сынға ұшырады. Мемлекет басшысы оны елдегі сапасыз жоспарлау жүйесінің көрнекті мысалы деп бағалады.
«Қолайлы, түсінікті, халық үшін тиімді көлік түрі орнына – ЛРТ деген қымбат көлік ұсынылған. Мамандардың және архитектуралық қауымдастық пікірі ескерілмеген. Елорда әкімдігінің дерегінше, онымен қатынайтын жолаушылардың болжамды ағыны тәулігіне 146 мың адамды құрамақ. Алайда қазіргі кезде осыған ұқсас бағытта – теміржол вокзалынан әуежайға дейінгі жолаушылар ағыны небәрі 2 мың адам ғана! Сонда сіздер осы ағынды қалайша 70 есеге өсірмексіздер?! Бұл жағы маған түсініксіз. Өзін-өзі ақтамайтын бұл жоба үнемі субсидия талап етіп, мемлекетке масыл болады деген қауіп бар. Алайда шетелден мол қарыз алынғанына және қыруар қаржы шығындалғанына байланысты бұл жобаны тоқтата алмаймыз», – деген Қ.Тоқаев Үкіметке және Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігіне осы мәселеге нүкте қойып, нақты ұсыныстар енгізуді тапсырды. Мемлекет басшысы кезінде осы ақаулы жобаны ұсынған және ілгерілеткен жауапты тұлғалардан құзырлы органдар жауап алуға тиістігін атап өтті.
Осы орайда Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевты орнынан көтерген Президент ЛРТ-ға Қытай берген және банкрот болған «Астана банкі» депозитіне салынған 100 миллиард теңгенің көп дегенде 30-40 пайызын ғана алдағы жылдары қайтаруға болатынын, қалғаны ізім-ғайым жоғалғанын білді.