Саясат

Тарбағатайда қытайлық компания жұмысшылары наразылық білдіруде

Жұмысшылар аталған мәселені шешіп берсе болғаны, жұмыс істеуден қашпаймыз, – дейді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шетелдік компаниядан шығысқазақстандық жұмысшылардың да шекесі қызып тұрғаны шамалы екен. Өйткені, Шығыс Қазақстан облысында жалақысын даулаған 128 жұмысшы еңбек етуден бас тартып, қызмет орындарына шықпай қойды. Наразылық танытқандар Тарбағатай ауданында жол салып жатқан қытайлық "Синьсин" компаниясының қызметкерлері.

Өз талаптарын төтесінен қойған азаматтардың айтуынша, Қытай компаниясының өкілдері өз сөздерінде тұрмаған. Келісім шартта көрсетілген жалақыны толық төлемей отыр. Жергілікті жұрттың алғашында жұмысқа қабылданған кезде естіген ақшалары көздерінен бұл-бұл ұшқан. Ол ол ма? Жатар орындарының жайсыз, ішер астарының да дәмсіз екеніне ашулы.

Жұмысшылар аталған мәселені шешіп берсе болғаны, жұмыс істеуден қашпаймыз, – дейді. Осылайша, жұмысты тоқтатып, сөздерін жеткізбек болған жұрттың жан айқайын Тарбағатай ауданының әкімі мен өзге де құзырлы орган қызметкерлері естіді. Тіпті, облыс орталығы Өскемен қаласынан арнайы комиссия құрылып, жолшылардың жиналған жеріне жетіпті. Қазір қытайлық "Синьсин" компаниясы мен әрбір қызметкер арасындағы келісім шарт қайта қаралып жатыр. Алайда, айтылғандардың кейбірін әкімдік қызметкерлері жоққа шығаруда.

- Таңертеңнен бері жұмысшылармен жеке-жеке сөйлестік. Жаңа ғана жұмыс беруші компания өкілдерімен қайта ақылдастық. Таңертең келісім шарттың әрбір бөлімін нақтылап жазғызамыз. Айлық мәселесі мен тамақ жайы, еңбек сағаты мен демалыс уақыттарын келісім шарттың ішіндегі әрбір бөлімдеріне кіргізіп, анықтап жазғызамыз. Жұмысшылардың әрқайсысы сол келісім шартты қолдарына алады. Содан кейін жұмыстарын ары қарай жалғастыратын болады, –деді, Тарбағатай ауданының әкімі СЕРІКҚАЗЫ САДУАҚАСОВ.

Айта кетейік, аталған "Синьсин" компаниясына жұмысқа қабылданып, наразылық білдірген тарбағатайлық жұмысшылар алғашқы емес. Бұған дейін, Зайсан ауданындағы бір топ жұмысшысы да дәл осы жалақы мәселесіне қатысты даудан кейін жұмыстан шығып кеткендерін айтып отыр.

Фотолар автордікі

Жас Алаш