Weekend

Ескі мақалдардың керегі қанша?

Тұрмысты өзгертіп, өмірді түзеу үшін оны жақсы білу керек. Мақал – тұрмыс айнасы.

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

«Мың бір мақал» кітабын көргенде: «Бұны не үшін басып шығарған? Қазіргі күнде ескі мақалдардың керегі қанша еді?» – деп, Күншығыс баспасөз кеңсесіне кінә қоюы мүмкін.

Алаш қайраткері Нәзір Төреғұлұлы алғысөзді осы сұрақпен бастаған. Ахмет Баржақсы баласы құрастырған «Мың бір мақал» жинағы 1923 жылы Мәскеуде Ұлттар комиссариаты қарауындағы Күншығыс баспасында жарық көрген.

Күншығыс баспасын 1922-1928 жылдары басқарған Нәзір Төреғұлұлы: «Бұл кітаптың қанша пайдасы барлығын кейбіреулер, бәлкім, аңғара алмас та. Сондықтан басқандағы мақсатымыз қайсы?» – деп, мәселені сауалмен жалғайды.

«Бұл мақал әншейін әлдеқашан айтыла салған мақал емес. Өмір жүзінде ел аузындағы ескі сөздер: мақал, мәтел, тақпақ, өлең, жыр секілділердің өте керектігі ащы тәжірибелермен анықталғандықтан айтылған. Оның ішінде, әсіресе, тұрмыс тәжірибенің қорытындысы – мақалдар. Себебі мақалдарда айтушы елдің басынан кешірген оқиғалары, тұрмысы, мінезі, әдет-ғұрпы һәм айналасындағы өмірге көзқарасы тегіс суреттеледі».

«Мақал – тұрмыс айнасы. Тұрмысты тануымыз үшін осы айнаға қарауымыз керек. Сондықтан «Мың бір мақал» қазақ-қырғыз жұртының тұрмысын тану, қырдағы елдің ішкі сырына жету жолында көп көмегі тиетін өте пайдалы кітап».

Жинақтағы мақалдар қандай тақырыптарды қамтыған деп ойлайсыз?

«Бұл кітапта Тәңірі патша, хан, адам, жақсы-жаман, достық-қастық, жалғыздық-көптік, байлық-жарлылық, сараңдық, ұрлық, өтірік, билік, құдалық, той, кәде, қатын-бала, тәрбие, заман, сауда, еңбек һәм тағы басқа нәрселер туралы қазақ-қырғыздың көзқарасы қандай, солар көрсетілген».

Нәзір Төреғұлұлы кітаптың тұрмысты тану үшін қажеттігін бір деп білсе, екіншіден, тіл үшін керек деген.

ТӘҢІРІ ТУРАСЫНДА

1. Қатты жерде қақ тұрар, ынсапты елде хақ тұрар.

2. Аллаға жағайын десең, азаның болсын.

3. Момынның есебін қу табады, қудың есебін Құдай табады.

4. Зорлық көргенді Құдай көреді.

5. Сақтансаң Құдай сақтар.

6. Құдайға сыйынған құстай ұшады, адамға сыйынған мұрттай ұшады.

7. Құдайдан сұрағанның қос бүйірі шығады, адамнан сұрағанның екі көзі шығады.

ХАН ТУРАСЫНДА

1. Хан қарашасыз болмас.

2. Жер таусыз болмайды, халық хансыз болмайды.

3. Ханда қырық кісінің ақылы бар.

4. Хан сыртынан жұдырық.

АДАМ ТУРАСЫНДА

1. Адам көркі шүберек, ағаш көркі жапырақ.

2. Адам адамға қонақ, жан денеге қонақ.

3. Адам жайын ауылдасы білмейді, істесі біледі.

4. Кісі болар баланың кісіменен ісі бар, кісі болмас баланың неменемен ісі бар?

5. Кісі қатесіз болмас, от түтінсіз болмас.

6. Жаңылмас жақ болмас, сүрінбес тұяқ болмас.

7. Кісідегінің кілті аспанда.

8. Мал аласы сыртында, адам аласы ішінде.

9. Арық қой тырысқақ, аш кісі ұрысқақ.

ЕР ТУРАСЫНДА

1. Ер тарықпай молықпас.

2. Талапты ерге нұр жауар.

3. Жомарт жоқтығын білмейді, жүйрік ат тоқтығын білмейді.

4. Арғымақ ат бірде жалды, бірде жалсыз, Ер жігіт бірде малды, бірде малсыз.

5. Ердің малы елде, еріккенде қолда.

6. Қоянды қамыс өлтіреді, ерді намыс өлтіреді.

7. Ит тойған жерін іздейді, ер туған жерін іздейді.

8. Өз қадірін білмеген ер қадірлінің қадірін білмес.

9. Ер жаңылып қолға түсер, құс жаңылып торға түсер.

10. Есек тұсаусыз болмайды, ер дұшпансыз болмайды.

11. Ер шекіспей бекіспейді.

12. Ер азамат белгісі – әрі мырза, әрі құл.

13. Жақсылыққа жақсылық – әр кісінің ісі, жамандыққа жақсылық – ер кісінің ісі.

14. Уайым – ердің қорғаны.

«Не қылғанмен бұл кітап пайдасыз болмас деп ойлаймыз». Осы оймен алғысөздің соңғы нүктесі қойылған екен.

Бүгінгі тұрмыста мақалдардың қандай пайдасы бар? Әлде сіздің жауабыңыз Нәзір Төреғұлұлының сұрағы ма?