Саясат
29 шілде күні Қостанайдағы орталық көшелердің біріне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімін беруге байланысты қоғамдық тыңдау өтеді
Қостанайдағы Автомобиль транспорты колледжінің педагогтары мен студенттері бар бастамашы топ Гагарин көшесін Тұңғыш президент атындағы даңғылға айналдыру жөнінде хат жазған. Сонымен қатар, олар Гвардейский көшесін Гагарин көшесіне ауыстыруды ұсынған.
«ҚР Президенті Қ.Тоқаев Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың есімін облыс орталықтарындағы көшелердің біріне беру туралы бастама көтерген болатын. Елбасының стратегиялық бастамалары арқасында Қазақстан интеграциялық үдерістердің басты локомотивіне айналды. Республикамыз ірі және беделді халықаралық ұйымдардың белсенді қатысушысы саналады. Қазақстан әлемнің ең дамыған 30 еліне кіру процесінде кәсіпқой кадрларды даярлау ісін маңызды факторлардың бірі ретінде санайды. Нұрсұлтан Назарбаев экономиканы қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мәселесінде техникалық және кәсіптік білім беруді дамытуға ерекше мән берді. Біздің колледж Гагарин көшесінде орналасқан. Юрий Гагарин – ғарышқа ұшқан алғашқы адам. Әлемдегі алғашқы ғарышкердің аты ұмытылмайды», — делінген бастамашыл топтың хатында.
Колледждің ұсынысын Назарбаев зияткерлік мектебі, «АгромашХолдинг» кәсіпорны, Орталық стадион басшылығы және басқа да көптеген ұжымдар бірауыздан қолдаған. Белсенділер Юрий Гагарин есімін Гвардейский көшесіне көшіру туралы ұсынысты маңызды деп есептейді. Осы мәселелерге қатысты қоғамдық тыңдау 29 шілде күні өтеді.