Саясат
Президентпен ашық сұхбат
«Президент 2.0» деректі фильмі 21 шілде күні 22:00-де «31 арнадан» көрсетілмек.
«Әңгіме барысында Қазақстан Президенті өзінің өмірбаянына, дипломатиялық мансабына және жеке ұстанымдарына қатысты сұрақтарға ашық жауап береді. Фильмге XX-XXI ғғ. Қазақстан тарихының жетістіктері мен ақтаңдақ беттері, Қасым-Жомарт Кемелұлының өмірі және оның отбасына әсер еткен оқиғалар арқау болды.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Ресей, Қытай және басқа мемлекеттермен қарым-қатынастарына тоқталып, өзі кездескен көптеген көрнекті әлемдік саясаткерлер жөнінде ой-пікірімен бөліседі», деп жазады Берік Уәли Facebook-тегі парақшасында.
Оның айтуынша, көрермен фильмнен Қасым-Жомарт Тоқаевтың өз атына айтылған мақтау сөздерге көзқарасы, дінге қатысты пікірі, оқитын кітаптары және олардың авторлары туралы білетін болады.
«Аталған фильм Президенттің шетелдік және отандық БАҚ-қа берген бірқатар сұхбатының жалғасы іспетті. Төрт айға жуық уақыт ішінде Мемлекет басшысының баспасөз қызметі Қасым-Жомарт Кемелұлының «Егемен Қазақстан» және «Айқын» республикалық газеттеріне; ресейлік «Коммерсант», «Российская газета» басылымдарына; Өзбекстанның «УзА» ұлттық ақпараттық агенттігіне; «Россия» телеарнасына; америкалық White House Chronicle телехабарына; израильдік Israel Hayom басылымына; америкалық Wall Street Journal газетіне; Euronews телеарнасына; Bloomberg агенттігіне сұхбаттарын ұйымдастырды
Бұдан бөлек, Президент сайлауалды науқан кезінде журналистермен жиі кездесті. Сондай-ақ, сайлау қорытындысы бойынша өткізілген баспасөз мәслихатында көптеген маңызды сұрақтарға жауап берді», делінген жазбада.