Саясат
Асхат Аймағамбетов мәлімдеме жасады
«Алдымызда жаңа оқу жылы келе жатыр. Сәйкесінше, оқушыларымызға оқу құралдары мен мектеп формасы қажет екенін білесіздер. Осы мәселені шешу үшін жыл сайын еліміздің барлық өңірінде 1 тамыз бен 30 қыркүйек аралығында «Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы өтеді. Білім және ғылым министрлігінің бастамасымен 2008 жылдан бері ұйымдастырылып келе жатқан акция аз қамтылған, көпбалалы және тұрмысы төмен отбасылардың балаларына, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған», - деп жазды министр Фейсбук желісінде.
Оның айтуынша, 2018 жылы акция аясында 328 766 оқушы 2 млрд 822 млн 846 мың теңгеге материалдық және қаржылық көмек алған. Мемлекет басшысының арнайы тапсырмасына сәйкес, «Мектепке жол» акциясы 2 ай ғана емес, жыл бойы іске асатын болады.
«Біздің министрлік «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің өкілдерімен кездесіп, қосымша портал арқылы онлайн түрде көмек көрсету туралы келісімге келдік. Ендігі кезекте демеушілер мен меценаттар www.atamekenim.kz порталында орналасқан өтінім және тізім бойынша мұқтаж отбасыларға көмек көрсете алады. Сонымен, бүгіннен бастап «Менің Атамекенім» қоғамдық бірлестігінің порталында «Мектепке жол» акциясының жұмысын ресми түрде іске қосамыз», - деді ведомство басшысы.
Онлайн портал арқылы балаға бір рет қана емес, жылдың әр мезгілінде қажетті құрал-жабдықпен көмектесеуге болады. Екіншіден, көмекке мұқтаж жандар мен қайырымдылық жасайтын азаматтардың арасында тікелей байланыс орнатылады. Үшіншіден, көмекке зәру адамдардың шынайылығын растап, олардың көмектен тыс қалмауы қамтамасыз етіледі. Төртіншіден, қаражаттың түсуі мен пайдаланылуын онлайн түрде бақылауға болады.
«Құрметті достар! «Мектепке жол» акциясы жыл бойы жалғасады. Мемлекеттік қызметкерлерді, бизнесмен-меценаттарды, білім басқармаларының басшыларын, ректорларды және баршаңызды осы акцияға белсенді түрде қатысуға шақырамын. Кез келген істі басқаға айтпас бұрын, өзім үлгі болуым керек деген оймен акцияны өзімнен бастайын деп отырмын. Жақсылық жасайық достар!», - деп жазды Асхат Аймағамбетов.