Саясат

Халық Қаныш Нұртазиновті ақтық сапарға шығарып салды

Ерлікпен қаза тапқан қорықшы

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

6 шілдеде Қарағанды облысы Ұлытау ауданының Қоскөл ауылында қаралы қауым браконьерлердің қолынан қаза тапқан "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК инспекторы Қаныш Серікұлы Нұртазиновпен қоштасты.

Қаралы жиынға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мирзағалиев пен Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов қатысты. Олар қайтыс болған инспектордың отбасына шын жүректен қайғысына ортақтасып, көңіл айтып, ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев тағайындаған мемлекеттік награда - қызмет бабында ерен ерлігі мен жанқиярлығы үшін I дәрежелі Айбын орденін тапсырды

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, министр Қаныш Нұртазиновтің туыстарына Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша оның жанұясы мен балаларына барлық қажетті көмектің көрсетілетінін баса айтты. Марқұм қорықшының артында бес баласы қалды.

Айта кетсек, алдында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қызмет бабында ерен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қорықшы Қаныш Нұртазиновты (марқұм) және Самат Оспановты І және ІІ дәрежелі «Айбын» ордендерімен марапаттағаны жарияланған еді.

Қазіргі уақытта, Президенттің тапсырмасы бойынша ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басшылығымен браконьерлікпен күресу жөніндегі "Охотзоопром" ӨБ" РМҚК-нің инспекторлар құрамы арнайы теориялық және практикалық жаттығулардан өтуі ұйымдастырылуда. Браконьерлермен тиімді күрес жүргізу үшін жаңа министрлік нақты заңнамалық өзгерістерді ұсынуда.

Айта кетсек, 23 шілдеде Ақмола облысы Жарқайың ауданында табиғатты қорғау заңнамасын бұзғандардың алдын алу шарасын жүргізген инспекторлар киік ату фактісін анықтаған. Заң бұзушылардың ізіне түскенде Қостанай облысына тиесілі ақ түсті "Нива" маркалы автокөліктен (мемлекеттік нөмірі белгісіз) оқ атылып, екі инспектор жарақат алған. Салдарынан Қаныш Нұртазинов Державинск ауруханасына жетпей көз жұмды.

Министрліктің хабарлауынша, жарақат алған екінші инспектор Самат Оспановқа Державинск аудандық ауруханасында ота жасалған.

24 шілдеде жедел іздестіру кезінде Ақмола облысы полиция департаментінің полициясы аңшылық шаруашылық қызметкерлеріне шабуыл жасаған күдіктілерді қолға түсірді. Олар Арқалық қаласында тұратын әкелі-балалы азаматтар болып шықты. 45 жастағы әкесі мен оның 20 жастағы ұлы қылмыстық айғақтарды жою үшін автокөліктен құтылмақ болған. Алайда тәртіп сақшыларының бірлесіп әрекет етуінің арқасында күдіктінің екеуі де Қостанай облысының аумағында ұсталды.

Бұл қайғылы оқиға фактісі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігі, яғни «Кісі өлтіру» бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.