Bugin
Мұндай ұсынысты елдің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі жасап отыр
Жазда теміржол маршруттарының кейбіріне қосымша пойыздар қосылатыны белгілі. Соған қарамастан, пойызға билет таба алмай жүрген жұрттың қарасы азаймай тұр. Ал елдің Индустрия министрлігі пойыз билеттерінің тапшылығы қолдан жасалатын «құбылыс» екендігін айтуда. Сондықтан мұндай қарама-қайшылықпен күресуді жолға қойғалы отыр.
Министрліктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, құқықбұзушыларды темір жол вокзалдарынан табуға болады. Рейд шараларын жүргізу арқылы құқықбұзушыларды тауып, әкімшілік жауапкершілікке тартуға мүмкіндік бар.
- Билеттердің заңсыз сатылуына тосқауыл қою үшін осы жылдың наурыз айында ҚР ИИДМ, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес Агенттігі және "ҚТЖ" ҰК" АҚ арасында теміржол тасымалдауы саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлық мәселелерін болдырмау көзделген жол картасына қол қойылды. Осы құжатқа сәйкес, "ҚТЖ "ҰК" АҚ билеттерді сату және жолаушыларды поезға отырғызу кезінде заңсыз іс-қимылдар жасауды бақылау және шектеу әдістерін қарастыра отырып, билет сататын "Mobius" жүйесін жетілдіру қажет деп тапты. Алайда, билеттерді заңсыз сату фактілері жалғасуда, - деп хабарлайды мекеменің баспасөз қызметі.
Аталмыш ведомства 28 шілде күні Көлік комитеті қоғамдық ұйымдармен және құқық қорғау органдарымен бірлесіп өткізген рейдтер кезінде, Шымкент, Алматы, Нұр-сұлтан, Атырау және Тараз қалаларының вокзалдарында билеттерді қымбат бағамен ұсынатын, сондай-ақ билетсіз жолаушыларды пойызға отырғызумен айналысқан "делдалдарды" ұстап, айыппұл салған.