Саясат

Дәрігер студенттерді ауылға жіберу: кімдер бұл міндеттен құтыла алады?

Бұған дейін елдің денсаулық сақтау министрлігі интернатураны тегін оқыған студенттердің үш жылға ауылда еңбек етуге жіберілетінін хабарлаған болатын

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл мәселе ел арасында қызу талқыланып, наразылық жиілеген еді. Десе де, елдің денсаулық сақтау министрі Елжан Біртаңов бұл ойынан бас тартпақ емес. Мұны ол Facebook желісінде жазған жазбасында мәлім етті.

- БАҚ өкілдерінен де, ел азаматтарынан да көп сауал келіп түсті. Бірақ бір нәрсені айта кетейін: мен бұл ойымнан бас тартпаймын. Мемлекет есебінен білім алған мамандар оны міндетті түрде өтеуі тиіс. Мамандар жетіспей жатқан өңірлерде еңбек етуі керек. Айта кеткен жөн, бұл жаңадан енгізілген норма емес, 2012 жылы-ақ енгізілген болатын, - деп жазды министр.

Жазба барысында қандай мамандардың ауылға жіберлімейтіндігін де атап өтті.

- Аяғы ауыр, үш жасқа толмаған балалары бар, 1-2 топтағы мүгедек жандар мен магистратураға, резидентураға оқуға түскендер бұл міндеттемеден босатылады, - дейді Біртаңов.

Қазіргі уақытта enbek.kz порталында медицина саласымен байланысты 6 мыңға жуық ваканцияға іздеу жарияланған. Оның ішінде қалаға 3 мыңнан астам дәрігер қажет болса, ауылға 2600-ден аса дәрігер қажет екен.

Ал биыл интернатура мен резидентураны бітірген 5 мыңға жуық түлектің 3700-ден астамы жұмысқа тұрған. Оның жартысына жуығы ауылдағы ауруханаларға жұмысқа тұрған көрінеді.