Bugin
Елдің Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаев бұған масқаралық деп баға берді
26 шілде күні түрме қызметкерлерінің сотталғандардың бірін қалай соққыға жығып жатқан сәті YouTube желісінде видео боп тарап кеткен еді.
Кейін бұл оқиғаның Алматы облысына қарасты Заречный кентіндегі ЛА-155/8 түзету мекемесінде болғаны белгілі болып, 29 шілде күні жеті адам жұмыстан шығарылған болатын. Оның ішінде түрменің бастығы мен екі орынбасары және ішкі істер органының қызметкерлері бар.
- Қазіргі уақытта мекеменің бейнекамераларын түсіп қалған 40 видео мен аудиожазба тексеріліп бітті. Видеодан екі қызметкердің сотталғанға жәбір көрсеткені, қалғандары қызмет бабын асыра пайдаланғаны көрініп тұр. Бұл мекеме қызметкерлерінің тәртібіне сай емес, - деді Ерлан Тұрғымбаев үкімет кулуарында.
Министрдің айтуынша, аталмыш іске қатысы бар колонияның бес қызметкері ұсталып, оның екеуіне қылмыстық іс ашылған. Оның бірі түрме бастығының орынбасары болса, екіншісі – түрме қызметкері. Қос іс те қазір Алматы облысының прокуратурасына жіберілген.
- Бұл оқиға - біздің елдің қылмыстық атқару жүйесі саласындағы ең масқара жағдайлардың бірі, - деп пікір білдірді министр.