Саясат
Алтынбек Сәрсенбайұлының мәлімдемесі
Менің мемлекеттік қызметке қайта оралуым саяси реформалар бағдарламасын жүзеге асыруға қолғабыс ету қажеттілігінен туындағанды. Дәл қазіргі кезеңде елімізде саяси қайта құруларды жүргізуді өзінің басты мақсаты анап отырған партияның тең төрағасы ретінде мен осы мақсат-міндеттерді айқындауға және тездетуге мүмкіндік туғызуды өзімнің парызым деп есептедім.
Қызметке кірісер алдындағы саяси мәлімдемемде атап өткенімдей, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің сайлаулары саяси және конституциялық реформаларды бастауға нақты қайнаркөз әрі кепіл де болар еді деп санадым және санаймын да. Әділ де таза және еркін сайлау демократиялық күштер мен биліктің позициясын жақындата түсуге зор тірек болады деп үміттендім.
Осы мақсатпен мен басқарған министрлік қысқа мерзім ішінде «Қазақстан Респбуликасындағы сөз бостандығына кепілдіктер туралы» заң жобасын жасап ұсынды. Бұл жобаны қазақстандық және халықаралық қауым жақсы қабылдады. Саяси партияларға да, депутаттықа кандидаттарға да бұқаралық ақпарат құралдары бірдей орын берсін деген көптеген ұсыныстар жасадық. Мемлекеттік телеарналардағы саяси телесайыстың санын көбейтуге қол жеткіздік. Билік пен баспасөз арасындағы қатынасты үйлесімді етуге нақты қадамдар жасадық.
Өкінішке қарай, менің үмітім ақталмады. Саяси реформалар бағдарламасы құрғақ мәлімдеме болып шықты, ал өткен сайлаулар әділ, таза және еркін болмады. Әділ сайлау өткізуді билік о бастан қаламағанын көрсетті. Сайлаулар еліміздің Конституциясы мен заңына қайшы көптеген бұрмалаушылықтармен өтті.
Осының бәрінің есептей келе, сайлау науқанына бастан-аяқ белсене араласып, халықтың өз еркін білдіруі мен дауыс беруін көпе-көрнеу бұрмалап, қилы құйтырқы әрекетке барғаны үшін мен үкіметтің құрамында қала алмайтынымды және атқарушы биліктің қолжаулығы бола алмайтындығымды мәлімдеймін.
Әлі де принципті шешімдердің мезгілі келіп жетті деп ойлаймын. Біздің әрқайсымыз өз таңдауымызды жасауға тиіспіз. Билікте жүру ― ешкімнің басты мақсаты болмауға тиіс. Саясаткердің басты мақсаты ұлттық мүдде мен халықтың ең зәру талап-тілектерімен сәйкес, үйлес болуы керек. Саясаткерлер жауапкершілікті әрі азаматтардың сенімін ақтай алуға тиіс.
Қазіргі қалыптасып отырған жағдайға байланысты, «Қазақстан Республикасы сайлау туралы» конституциялық заңды бұрмалаған кінәлілер: Президент Әкімшілігінің басшысы Иманғали Тасмағамбетов, Орталық сайлау комиссиясының төрайымы мен мүшелері, облыс, қала, аудан әкімдері отставкаға кетуге тиіс деп есептеймін.
Отставкаға кете отырып, мен еліміздің демократиялық күштерін бірігуге және шынайы саяси қайта құруларға қол жеткізу үшін ынтымақтасуға шақырамын. Біз өз елімізде әділ де жауапкершілігі мол билікті қалыптастыру үшін бірігіп күресуіміз керек.
Алтынбек Сәрсенбайұлы
Алматы қаласы, 20 қыркүйек 2004 жыл