Bugin

Маңғыстауда ұсталғандардың ата-анасы: ҰҚК қызметкерлері айғақтарды қолдан жасап отыр

29 шілде күні Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Маңғыстауда жүргізген ауқымды операциясы кезінде ұсталғандардың ата-анасы арнайы жасақтың заңсыз әрекеттерге барғанын айтып отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Мәселен, Қауіпсіздік қызметкерлеріне наразалық танытып, аштық жариялаған Дариға Назарованың айтуынша, 29 шілде Ұлттық қауіпсіздік комитеті мен ҚР Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері пәтерге басып кіріп, айғақ заттарды өздері тастап, өздері "тауып" алғанын айтады.

- Таңғы сағат 7.00 шамасында есік тоқылдады. "Кім?" деп сұрағанымда "әкімдіктен келдік" деп жауап берген соң, есік аштым. Ал арғы жақтан қару асынған бір топ адам пәтерге басып кіріп, мені итеріп жіберді. Қатты шошып кеттім. Мұндайды тек теледидардан ғана көрген болармын. Олар ұлым мен келінім жатқан бөлмеге кіріп, мені кіргізбей қойды. Көкшіл футболка киген, орташа бойлы, толықтау келген біреуі бөлмеден шығып, жуынатын бөлмеге еніп кетті. Кіріп бара жатып, бір нәрсені лақтырып жібергенін көрдім. Сонда ғана олардың ниетіне көзім жетіп, мұның барлығын қолдан жасап отырғанын түсіндім. Содан кейін үйді ақтарып, тінти бастады. Бір қызығы, менің киімдерім жиналып тұрған шкафты да ашып қарағанымен, қатты ақтарып жатпады. Ары-бері қарағандай түр танытты. Ал шын іздеген болса, үйдің астаң-кестеңін шығарар еді. Тағы бір қызығы – жуынатын бөлмеге барған соң ғана, камераларын қосып, пәтерден түйіншектелген заттың табылғанын нақтылап айта бастағаны. Ал түйіншектің ішінен тапқаны – 33 гильза, - дейді Дариға Назарова.

Ұсталған жігіттің анасы заң талаптарын көлденең қойып, көршілерді де куәгер ретінде шақыруын өтінгенімен, оны тыңдаған ешкім болмаған. Ұлын ұстап, жергілікті ҰҚК-не алып кеткен.

- Менің ұлым – отбасылы адам. Мәскеуде білім алған. Ақтауға мемлекеттік қызметке орналасу үшін тест тапсыруға келген болатын. Тапсырып тастап, жауабын күтіп жатқан еді. Бұлай боларын кім білген... – дейді ана.

Арнайы операция Жаңаөзен қаласында да өткен.

- Қызметкерлер, шамамен, сағат 7.30-дарда келді. Маған қаладағы тұрғындардың бірі менің ұлыма арыз жазғандықтан, соны іздеп келдік деп түсіндірді. Арызға бола, үйді тінтігенін бірінші рет көріп тұрмын. Үйдің астаң-кестеңін тығарып, тінтіп шыққанымен, ештеңе таба алмады. Сонда да ұлымды ұстап, бөлімшеге алып кетті. Ұлым 25 жаста, мұнай саласында жұмыс істейді. Спортпен шұғылданады. Сектаға барғанын көрген емеспін, - дейді ұсталғандардың бірінің анасы Ухимхан Аманова.

Айта кетейік, 29 шілдеде ҰҚК мен Маңғыстау облысы ІІМ-мен бірлесіп қылмыстық топтың жолын кесу бойынша арнайы операция өткізген еді. Тінту шараларымен тұрғылықты жерлері бойынша және ұсталғандардың өзімен бірге ТТ және Макаров тапаншалары, дыбыс бәсеңдеткіші бар револьвер, "Сайга" мылтығы, үш травматикалық тапанша, тоғыз кесілген мылтық, оларға 160-тан аса оқ-дәрілер, есірткі қзаттары, түрлі суық қару, сондай-ақ 5,6 миллион теңге көлемінде ақшалай қаражат табылған.

 

Дереккөз: Лада