Саясат
Кешірім сұрау да оңай емес
Алманияның сыртқы істер министрі Хайко Маас Екінші дүниежүзілік соғыс барысында, нацистердің жасаған қылмыстары үшін поляк халқынан кешірім сұрады, деп хабарлайды Deutsche Welle.
Варшава көтерілісінің 75 жылдығына арналған ресми іс-шара барысында Маас өз елінің, Варшава және өзге қалалардағы болған "қорқыныш" үшін жауапты екенін айтты. Министрдің айтуы бойынша, немістердің жасаған қылмыстарын "сөзбен жеткізу мүмкін емес".
- Сіздің елде немістер жасаған және немістер үшін жасалған іс-әрекеттер үшін ұяламын. Сондай-ақ, соғыстан кейінгі уақытта бұл туралы ұзақ жылдар бойы үнсіздік танытқанымыз үшін ұяламын, - деп мәлімдеді Маас.
Бұдан бөлек, сыртқы істер министрі Берлин қаласында, нацистердің құрбаны болған поляктарға ескерткіш ашуды қолдайтынын айтты.
- Бұны бұрыннан жасау керек еді. Бұндай ескерткіш Польшаға қатысты жай ғана татуласу белгісі ғана болмайды. Немістердің өздері үшін де үлкен маңызға ие болатын еді, - деді министр.