Bugin
Зорлық қылғандар лайықты жазасын алуы тиіс болатын
Бұрынғы еңбек және әлеуметтік қорғау вице-министрі, мәжіліс депутаты Нұржан Әлтаев Қазақстан пойыздарындағы жолаушылардың қауіпсіздігі жайлы пікір білдірді.
- Қостанай қалалық сотының судьясы Сатыбалды Оразбаевтың зорлық көрсетушілерге берген жазасы қоғамдық ортада қызу талқыланып кетті. Бұл оқиға менің де ар-намысыма тигені рас. Күдіктілердің қылмысы толық дәлелденген екен, демек жаза да лайықты болуы тиіс. Өйткені Қазақстан азаматшасының, біздің қарындасымыздың ар-намысы тапталды! – деп жазды Әлтаев.
Мәжіліс депутаты бұл жағдайдың келесідей мәселелердің ұшын шығарып бергенін айтады.
- Біріншіден, елімізде пойыздағы жолаушының қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары ақсап тұр. Қымбат "Тальго" пойызының өзінде осындай жағдай орын алса, басқа пойыздар туралы әңгіме өрбітудің өзі қисынсыз. Екіншіден, зорлық көрсеткендерге берілетін заңдағы жаза түрлері өте жеңіл әрі мұндай қылмысты түрлі жолдармен жеңілдетуге болады. Ал оның арты жемқорлыққа әкеп соғады. Үшіншіден, қоғамдық моральдық құндылықтары әлсіреп бара жатқаны байқалды. Зорлық көрсетушінің өзі қоғамдық көлікте әлімжеттік жасайтын жағдайға жетті, - дейді депутат.