Bugin
Пойызда әйел зорлаған жолсеріктерге 2,5 жыл ғана берілген болатын
Дегенмен, судьяның берген бұл жазасы қоғам арасында қызу талқыланып, наразылық білдірушілер көбейген еді.
Соған орай істі қарап, үкім шығарған Қостанай қалалық сотының судьясы Сатыбалды Оразбай неге мұндай жаза қолданғанын түсіндіруге тырысты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы "Время" басылымына сілтеме жасап.
Судьяның айтуынша, айыптаушы тарап, яғни, прокуратура жолсеріктің ісін "топтап зорлау" фактісіне сүйеніп бергенімен, сотта оны дәлелдей алмаған.
- Айыптау актісі мен тергеу кезінде жиналған материалдар бір-біріне мүлдем қарама-қайшы! Айыптау актісінде күдіктілердің топпен зорлағаны айтылғанымен, тергеу материалдарында жолсеріктің әрбірі өз ниетіне қарай әрекет қылғаны, бір-бірінен бөлек болғаны айтылады. Сотқа түскен істің басты айыптау белгісі – "топтық тұлға" тергеу материалдары арқылы дәлелденіп отырған жоқ. Айыптаушы тарап күдіктілердің бұл істі бірігіп істегенін дәлелдей алмады. Өйткені екі эпизодтың арасында жарты сағаттық уақыт айырмашылығы бар. Яғни, мұнда "топтық әрекеттің" белгілері жоқ. Ал адвокат айыптау актісінің бұл олқылығын пайдаланып, дәлелдің жоқ екендігін алға тартты. Оның үстіне, күдіктілердің кінәсіз екендігін айтып, оны ақтауды талап етті, - дейді Оразбай.
Ал судьяның өзі тергеу материалдары мен айыптау актісінің бір-біріне керағар болуына прокурорды кінәлап отыр. Өйткені прокурор бұл іске дайындалып келмегенге не оны айыптауға аса құлық танытпағанға ұқсайды.
- Прокурордың бойкүйездігі таңқалдырды: сауал қойып, істі дәлелдеуге тырыспақ тұрмақ, өздерін қорғай алмай қалды! Керісінше, қорғанушы тарап белсенділік танытып, контаргументтер мен анық дәлелдемелер ұсынып, өздерін нық ұстады. Айта кеткен жөн, айыптаушы тарап жазаны ауырлатуға мүмкіндік беретін бір ғана дәлелдемені алға тарта алды. Ол – күдіктілердің ішімдік ішкендігі. Алайда оны да прокурор дәлелдей алмады. Нақты дәлел жоқ. Медициналық анықтамада күдіктілердің сау екендігі көрсетілген. Ал судьяның өзі жазаны ауырлататын дәлелдерді іздемеуі керек,- дейді судья.
Ал заңға сәйкес судья оқиғаның барлығынан бейтарап болуы тиіс. Эмоцияға берілмегені абзал.
- Менде басқа амал қалған жоқ. Судья өзіне әкелген дәлелдемелердің негізінде ғана үкім шығара алады. Сондықтан бұл істі зардап шегушінің әлсіз жағдайын пайдаланып, зорлық көрсету фактісі ретінде ғана жаза қолданудан басқа амал қалмады. ҚР ҚК 55-бабының 2-бөліміне сәйкес, мұндай іске ең ауыр жазаның жартысын ғана беру көзделген. Біздің жағдайымызда ол 2,5 жыл. Шешім 26 шілде күні шықты, заңды күшіне енген жоқ. 10 тамызға дейін айыптау мен қорғау дәлелдеріне шағым түсіруге болады, - дейді судья.
Айта кеткен жөн, бұл оқиға өткен жылы қыркүйек айында болған еді. "Тальго" пойызының екі жолсерігі 35 жастағы әйелді зорлап, кейін зорлық көрген азаматша сотқа шағымданған еді.