Weekend

Жастарға жалын берген Зеренді

"Зерен 2019" лагері

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Кез келген елдің дамуында жастардың рөлі жоғары екендігі даусыз. "Ақыл - жастан" дегенді де аталарымыз тегін айтпаса керек. Сол жастарға қолдау білдіріп "Жастар жылы" деп аталуының өзі қуантарлық жағдай. Сен маған жастарыңды көрсет, мен саған болашағыңды болжап беремін деген сөзде шындық бар. Қоғамның дамуында жастардың өзіндік орны мен рөлі бар. Ендеше оларды қолдау арқылы жарқын өмірге аяқ басатын боламыз.

Жастарды қолдауға арналған биылғы бағдарламалардың бірі әрі бірегейі – «Зерен» республикалық жастар білім беру лагері. Шет мемлекеттерден Қырғызстан, Әзірбайжан, Монғолия, Иран елдерінен де жастардың келгендігін ескерсек халықаралық лагер мәртебесін беруге болады деп санаймыз. Ұйымдастырушылары – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, Қазақстанның азаматтық альянсы, Алматы менеджмент университеті. Лагерге бөлінген гранттардың жалпы сомасы – 15 миллион теңге.

3 ауысымда барлығы 600 жас қатысты. Лагердің 4 негізгі бағытты дамытуға көңіл бөлген: азаматтық қоғамды дамыту, кәсіпкерлік дағдылары, «жасыл» экономика, креативті экономика және жаңа медиа. Лагер қатысушылары осы бағыттар бойынша команда жинап, өз идеяларын жетілдіру үшін тәлімгерлерден дәріс алып, тәжірибе жинап, бизнес-жоспарларын қорғады.

Әдеттегі күн таңғы 7-дегі Sporttime-нан басталып, кешкі firemeeting-пен аяқталатын күн жоспарында лекция уақыттары, ментормен жобаны талқылау, мотивациялық спикермен кездесу сынды шаралармен қамтылды.

Тәлімгерлер мен мотивациялық спикерлер қатарында Ресейлік коуч-тренер Олег Алферов, кәсіпкер, маркетолог Абылай Юсупов, кинорежиссёр, voxpopuli.kz редакторы Диас Әзімжан, Croudsale Network компаниясының негізін салушы Ерлан Думанұлы, «Bilim Media Group» компаниясының негізін салушы Рауан Кенжеханұлы, бизнес-тренер Ерлан Мустафин және тағы басқа белгілі тұлғалар лекция оқыды.

Лагердің жабылу салтанатында Білім және Ғылым министрі Асхат Аймағанбетов мырза келіп қатысты. Өз сөзінде білім саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, жасалып жатқан реформаның маңыздылығына назар аудартты. Мәселен болашақта бірнеше мамандықтар жойылып кететіндігі, білім саласына салынған инвестиция бірнеше есе (балабақшаға жұмсалған қаражат 7 есе, мектепке жұмсалған қаражат 4 еселеніп қайтып келеді) болып мемлекетке пайда келтіретініне тоқталды.

Үшінші ауысымдағы жеңімпаз жобалар қатарында «In Data», «Umit App», «Happy Project», «Healthy Life», «ZhanAru» командалары бар. Командалардың әрқайсысына 1 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінді. Оның сыртында «бизнес-періштелер» бірнеше командаға инвестор болып, грант бөлетіндерін, қажет болса, офис және тағы басқа қажеттіліктерін тегін беруге даяр екендіктерін жеткізді. Әсіресе, Croudsale Network компаниясының негізін салушы Ерлан Думанұлы 4 команданың  әрқайсысына 1 миллион теңгеден сертификат табыстап мәрттігін көрсетті. Сонымен биылғы «Зерен 2019» лагері өз мәресіне жетті.

Талай жастың жалындап жануына септігін тигізген, көкіректеріне кәсіпкерлік білім нәрін құйып, құштарлыққа толы мотивация берген лагер жастар жадында қимастықпен сағынышқа толы сәт ретінде қалатыны сөзсіз. Ендеше жалынды жастарға өмірлеріне сәттілік тілеп, елімізге пайда келтіретін тұлға болып, дүниенің бір кірпіші болып қаланады деген ниетпен ақ жол тілейік!