Саясат
Мәселе
"Тальго" пойызында зорлық көрген қыз қазақстандықтарға алғысын білдірді. Бұл туралы ол Facebook әлеуметтік желісіндегі "НеМолчи.kz" қорында жазды
"Бұл оқиға қазақстандықтардың ешбірін бей-жай қалдырмағанын желіде жазылған пікірлерден көрдім. БАҚ-та да жазылды. Осыдан кейін елімізде ешбір әйел және бала зорлық көрмесе екен деймін. Мұндай жағдайда кәсіби мамандар келіп қорғайтынын да білсе екен. Мен бірнеше елдерге саяхаттап, сол жақтың мәдениетін үйрендім. Көп оқыдым, көп жұмыс істедім. Осылайша, өзімнің әлемімді құрған едім. Қазақстанға келгенде өз үйім деп сендім. Алайда, бір күні қай жерде болмасын құрбанға айналуымыз мүмкін екен. Сол түн өмірімдегі ең қорқынышты сәт болып қалды. Осымен өмірімнің біткені шығар деп ойладым", – деп жазды бойжеткен.
Ол мұндай ауыр жағдайды басынан кешіргеніне, әлі де сол қорқыныштан шыға алмай жүргенін айтты. Жан-жақтан өзін қолдаушылардан бөлек, зорлағандардың атынан шыққан қорлаушылар да болған. Айтуынша, моральдық қорлау екінші рет зорланғандай күй кешірген.
"Зорлық-зомбылықты бастан өткерген әйел ретінде мен мемлекет басшысына және Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарына зорлаушыларды қатаң жазалауды сұраймын. Зорлық-зомбылықтан аман қалғандар тергеудің кез-келген қадамын нақты білуі үшін құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне бірыңғай алгоритм жасауын сұраймын", – деді зорланған қыз.
Айта кетсек, 2018 жылы күз айында Ақтөбе облысының тумасын "Тальго" пойызында жолсеріктер зорлап тастаған болатын. Бұл жайында Facebook әлеуметтік желісіндегі "НеМолчи.kz" қорында жарияланды.