Саясат

Қазақстандағы сөз бостандығы: Олар саяси реформаның басталып кетуінен қорқады

Төртінші биліктің "билігі" қайда?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

2018 жылы Қазақстанның «Сөз бостандығы» рейтингісінде әлем бойынша 160-орында тұрғаны туралы ақпарат шықты. Рейтинг бойынша барлығы 180 мемлекет бар. Осы ақпарат негізінде әлеуметтік желіде түрлі пікір мен ойлар айтылып, ақыры ҚР-ның Ақпарат және қоғамдық даму (ол кезде коммуникациялар) министрі Дәурен Абаев  «Ашық диалог» бағдарламасында жауап берген болатын.

«Мәселен, ол рейтингте Мексика Қазақстаннан 12 позицияға жоғары. Бірақ, екі мыңыншы жылдан бері ол елде қателеспесем 140-қа тарта журналист өлтіріліп, тағы 20-сы із-түзсіз кеткен. Ойланып қараңыз, қай елде сыни мақаланы жазуға үрейленер едіңіз - Қазақстанда ма, әлде бізден рейтингте 12 позицияға жоғары елде ме? Бұл тізімде 42-ші орында - Ботсвана тұр. Ол елде Үкімет БАҚ-тың архивін құртып, мемлекеттік аппараттың барлық ақпараты құпия түрде ұсталады. Ал ол ақпаратқа қол жеткізу жолындағы кез келген әрекет заңмен қудаланады. Бұл мысалдарды мен біреулерге теңесу немесе біздің артықшылықтарымызды көрсету үшін емес, рейтингтің субъективтілігі мен оның есебін көрсету үшін айтып отырмын».

Ал, министр 160-орында тұрған Қазақстандағы сөз бостандығы туралы:

Біз бұл тақырыпты ЕЫҚҰ өкілдерімен де, халықаралық ұйымдармен де бірнеше рет талқылаған едік. Мен бірнеше рет көптеген нормалар журналистердің жұмысын жеңілдетуге бағытталғанын атап өттім. 200-ге тарта өзгерістің ішінде тек бірнешеуі ғана пікірталас тудырған болатын. Жалпы, бұл - қазіргі таңда жаһандық тренд. Мәселен, өткен жылы Германия Парламенті жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілікті күшейту туралы заң қабылдады. Көптеген сындар ол кезде де айтылды. Бірақ, заң қабылданды. Сондағы жазаның қандай болатынын білесіз бе? Жалған ақпарат таратқан жеке адам үшін айыппұл мөлшерін 5 млн еуроға дейін көбейткен. Заңды тұлғалар мұндай қылмысы үшін 50 млн еуроға дейін төлейді. 50 млн еуролық айыппұл кез келген редакцияны банкротқа отырғыза алады,- деп жауап берген болатын.

2008 жылы 5 мамырда Азаттық радиосында «Қазақстанда сөз бостандығы қандай дәржеде» атты мақала жарық көрді. Онда Қазақстан президенті жанындағы адам құқығы жөніндегі комиссияның хатшысы Тастемір Әбішев Қазақстанда сөз бостандығы бар деп есептейтінін жеткізе отырып, «Тасжарған» және «Свобода слова» секілді тәуелсіз басылымдардың ашық түрде таралып, халыққа жетуі елдегі сөз бостандығының шектелмегенін көрсетеді деп түйіндеген.

Алайда, Т.Әбішев айтқан «Тасжарған» газетінің бас редакторы Бақтыгүл Мәкімбай бұл пікірмен келіспейтінін айтып ойын да білдірген:

Қазақстанда сөз бостандығы, баспасөз еркіндігі мәселесін жақсы деп айтуға әлі ерте. Өйткені тәуелсіз басылымдар көптеген қиындықтарға ұшырайды, ал осы басылымдардың журналистері үнемі бақылауда, үлкен қысым жағдайында жүреді.

2007-2008 жылдары Қазақстан сөз бостандығы бойынша 166 орында болды. 2018 жылы – 160 орын.

Шындығында елде сөз бостандығы сақталған болса, төмендегі әрекеттердің көздеген мақсаты қандай?

-   «Qaznet Trust Network» қауіпсіздік сертификаты;

-   Тілшілерге жасалған шабуыл (Азаттық радиосы);

-   Қолшатыр ұстаған адамдардың журналистерге кедергі келтіруі;

Бұл 2019 жылдың өзінде болған бірнеше оқиғаның желісі ғана.

2004 жылы қазан айының бірінші жұлдызында «Республика» газетінде сол кездегі Ақпарат министрі Алтынбек Сәрсенбайұлымен болған сұқбат жарияланды.

Билікке сөз бостандығының қажеті жоқ

-   Бұрынғы Ақпарат министрлігі жасаған заң жобасының тағдыры не болып жатыр? Шыныңызды айтыңызшы, бұл жобаға Президент аппараты қалай қарады?

-   Рас. Президент әкімшілігі мен Үкімет бұл жобаны қолдай қойған жоқ. Біздің министрлік дайындаған осы жобаны журналистерге таныстыру ниетімен өткізген баспасөз мәслихатынан кейін-ақ менімен вице-премьер Бірғаным Әйтімова хабарласты. Ол маған біраз ақыл үйретіп, менің дұрыс жасамай отырғанымды дәлелдеуге тырысты...

-   Президент ше? Шақырды ма?

-   Дәл осы мәселе бойынша шақырған жоқ, бірақ, телефон соқты, біраз нәрсені пысықтадық. «Сенің заңыңның жобасы Үкімет арқылы да, Парламент арқылы да өтпейді» деп ашығын айтты.

-   Осы заңға атқарушы билік неге осқырына қарайды? Шенеуніктер неден қорқады?

-   Олар саяси реформаның іс жүзінде басталып кетуінен қорқады!

Олар қазақстандық БАҚ-тың кейбір қазақстандық шенеуніктердің өз еліміздегі және сырттағы сыбайлас жемқорлық жөніндегі көптеген дау-жанжалдарға қатысы барын жазуынан, адал да таза саясаткерлер мен азаматтық қоғамға қарсы жасаған көптеген қылмыстары әшкереленіп қалуынан өлердей қорқады.

Сайлауды әділ өткізе алмайтын, әділ өткізуге тырыспайтын билік қоғамның мүддесін көздейтін БАҚ туралы заңды қабылдауды да еш уақытта қаламайды. Осыған ұқсас, мұндай билік сөз бостандығын нығайтуды да жақтырмайды, өйткені, сөз бостандығы олардың аяғын көктен келтіріп, олар сүйенген авторитаризмнің быт-шытын шығаратыны да белгілі! Плюралистік парламент жоқ жерде, сөз бостандығы жоқ жерде – ештеңе де жоқ.

Қазақстандағы «сөз бостандығы» туралы нақты заң жобасының бастауы сонау 2004 жылда жатыр. Бұл кезде Ақпарат министрі болған Алтынбек Сәрсенбайұлының заң жобасын қарауға беріп, бірақ ешқандай нәтиже таппаған соң, қала берді сайлаудың әділ өтпеуінен министрлік қызметінен өз еркімен бас тартқанын білсек, арада өткен 15 жылдың ішінде үлкен өзгеріс болған жоқ. Керісінше, 2019 жылдың өзінде БАҚ саласына жасалған шабуылдар мен келеңсіз оқиғаларды көріп келеміз.

Осы мақсатпен мен басқарған министрлік қысқа мерзім ішінде «Қазақстан Респбуликасындағы сөз бостандығына кепілдіктер туралы» заң жобасын жасап ұсынды. Бұл жобаны қазақстандық және халықаралық қауым жақсы қабылдады. Саяси партияларға да, депутаттықа кандидаттарға да бұқаралық ақпарат құралдары бірдей орын берсін деген көптеген ұсыныстар жасадық. Мемлекеттік телеарналардағы саяси телесайыстың санын көбейтуге қол жеткіздік. Билік пен баспасөз арасындағы қатынасты үйлесімді етуге нақты қадамдар жасадық. Өкінішке қарай, менің үмітім ақталмады.

Бұл Алтынбек Сәрсенбайұлының өз мәлімдемесі.

Тағы оқыңыз: Билікте жүру – ешкімнің басты мақсаты болмауы тиіс

«Сөз бостандығы» туралы белгілі журналист Амангелді Құрметұлы өз пікірін білдіре отырып, бұл сөздің бізде шартты ұғымға айналып бара жатқанын айтады:

«Меніңше «сөз бостандығы»  дегеннің өзі шартты  ұғымға айналып бара жатқан сияқты. Біреулер үшін бұл ой-пікір, ақпаратқа қол жеткізу һәм тарату еркіндігі болса,  біреулер үшін жай ғана  демократияның шартты өлшемі ғана. Үшінші біреулер үшін  сөз бостандығы дегенің ойыңа не келсе соны айта салатын,  дөрекілеу тәсіл  сияқты көрінеді. Әрине,  бізге демократиядан «дәріс беретін»  жұрттарда сөз бостандығы  жақсы екенін  мойындауымыз қажет. Ал Қазақстанда  сөз бостандығы дегеннің өзі шартты өлшем. Яғни, біз сырт көзге «бізде сөз бостандығы сақталады» дейміз де,  оның шектеудің сансыз тәсілдерін  жасаймыз. Митингке шығармаймыз, жеке пикет жасағандарды да қамаймыз, әлеуметтік желіде ащы  пікір айтып қалғандарды  бастығы, танысы, дос-жараны, тіпті жұбайы мен туыстары арқылы  «ерікті» түрде  мәжбүрлеп, райынан қайтаратын әдістерді де ұялмай қолданамыз. Журналистің азаматтық позициясы мен қызметін мидай араластырып жібереміз. Тіпті кез келген адамның жеке ұстанымы мен қызметін, шығармашылығын,  саяси әрекеттерін бір-біріне араластырып, ортақ баға береміз. Әрине, бұл басқа мәселе,  дегенмен сөз бостандығын қалыптастырушы  һәм еркін ой айтатын  азаматтарымызға әлеуметтік-моральдық қысым жасаудың хас  шеберіне айналғанбыз. Сөйте тұра,  ресми түрде «цензура жоқ»  деп мәлімдейміз, Конституцияның 20 бабы, 1 тармағына «Сөз бен шығармашылық еркіндігіне кепілдік беріледі. Цензураға тыйым салынады» деп жазғанбыз. Бірақ, іс жүзінде цензура жасаудың түрлі амалдарын қолданып келе жатқан елміз. Ақпаратымыз- насихат,  сөз бостандығы-мадаққа айналған. Сонымен бірге, сөз бостандығын дарақылыққа балайтын тұстарымыз да болады. Әдетте  мұндай ұстаным бұқараның ішінде кездеседі. Сөз бостандығы осы екен деп жалған ақпарат таратып,  аузына не келсе соны айтатындар бар. Қысқасы, біздің елдегі сөз бостандығына баға беру қиын. Ал билік не себепті  сөз бостандығын басты елдеріндегідей  үлгіде көргісі келмейді дейтін болсақ, шамасы біздегі саяси технологтар қазаққа толық сөз бостандығы берілсе анархия пайда болады деп қорқатын тәрізді. Әлде, қарапайым адамдар  өз құқықтарын қорғап, нақты талаптар қоятын болса күні бүгінге  дейін айтылған біраз өтірік ашылып қала ма, дей ме кім білсін, әйтеуір батыс үлгісіндегі сөз бостандығы қалыптаспай жатыр».

Жалпы жаһандық зерттеу бойынша, 2019-2022 жылдар арасында ақпараттық соғыс басталатыны туралы бірнеше мақала, зерттеу жұмыстары жарық көрді. Шындығында, бұл үрдістің жүріп жатқанын БАҚ өкілдері жіті бақылап, көріп отыр.

Зайырлы әрі демократиялық бағыттағы Қазақстанның дамуы мен жемқорлықпен күресуі секілді негізгі ұстанымдарды анықтау үшін «Төртінші биліктің» керек екені анық және олардың билікпен тікелей ашық түрде жұмыс жасауы өте маңызды.

Мемлекеттік сатып алу бойынша

8 705 324 11 61