Bugin
Бұл туралы ІІМ хабарлады
5 тамызда Алматы облысы Панфилов ауданы, Талды ауылдық округінің аумағындағы таулы жерлерде дала өртін сөндіру барысында 3 адам қаза тапты, деп хабарлайды Қазақстанның ішкі істер министрлігі.
Оның біреуі Жаркент орман шаруашылығы мекемесінің қызметкері болса, қалған екеуі - өртті өз күштерімен сөндіруге тырысқан жергілікті тұрғындар. Сонымен қатар, 7 адамның денесін күйік шалды, оның ішінде бір адам аяғын сындырды. Зардап шеккендер Лесновка ауылына тікұшақпен жеткізілді, олар одан әрі Жаркент қаласының орталық аудандық ауруханасына жатқызылады.
Оқиға орнында Алматы облысының ТЖД мен Полиция департаментінің жеке құрамынан 59 адам, 13-тен астам арнайы техника, сондай-ақ Жаркент мемлекеттік орман мекемесінің қызметкерлері жұмыс істеуде.
Өрт ошағын сөндіруге өрт сөндірушілер және полиция қызметкерлерімен бірге жергілікті тұрғындар, сондай-ақ орман шаруашылығы қызметкерлерінен құрылған ерікті өртке қарсы құрылымдар жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта өртті сөндіру бойынша жұмыстар жалғасуда.
Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайларды жою кезінде қаза тапқан және зардап шеккендердің отбасыларына көңіл айтады.