Саясат

«Ештеңе айтқым келмеп еді»: Ғабидолла өзінің отставкаға кетуі жайлы

Ешқайда кетпеймін, елде боламын

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Шымкенттің бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымов қызметтен кетуі жайлы түсініктеме берді.

- Шынымды айтсам, бұл жайлы ештеңе айтқым келмеп еді. Ойымды Инстаграмда толық жазған едім. Әр істің өз қайыры бар дегенге сенетін адаммын. Бұл Президенттің шешімі болғандықтан, талқыланбауы тиіс әрі кез келген мемлекеттік қызметкердің, ер жігіттің басында болатын жағдай. Оны жақсы түсінемін. Біз саяси мемқызметкер болғандықтан, қызмет ауыстыру әдеттегі жағдай. Саясатта кез келген дүние болады. Тек бір нәрсені ғана айтқым келеді: мен қашанда елімнің патриоты, туған жерімнің перзенті болып қалмақпын. Қазақстанда тұрып, елімде еңбек ететін боламын. Біз сарбаз сияқтымыз: басшымыздың тапсырмасын екі етпейміз, - дейді экс-әкім.

Сөз барысында Ғабидолла Әбдірахымов Лондонда іссапарда жүріп түсірген видеожолдамасы жайлы да пікірін білдірді.

- Шынымды айтсам, видео түсіру арқылы жастарға ой салғым келді. Қазақстаннан көшіп кетерде ойлансын деген, өз елінде өмір сүрудің оң жақтары да бар екендігін, Қазақстанда тұрып-ақ әлемді аралауға, осы елде тұрып, кәсіп ашып, табыс табуға болатындығын айтқым келді, - дейді бұрынғы қала басшысы.

Әңгіме барысында мемлекеттік қызметкер алдағы уақытта да әлеуметтік желіде белсенді болатындығын жеткізді. Алайда алдағы жоспары жайлы айтудан бас тартты. Айтуынша, біраз құпия болғаны жөн.

- Ешқайда кетпеймін, осында боламын. Спортпен айналысамын. Мені қайдан іздеуге болатынын білесіздер. Жиырма жыл мемлекеттік қызметте жұмыс істедім. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа, президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевқа маған сенім білдіргені үшін алғыс айтқым келеді. Еліме қызмет ететін боламын, - деді ол.

Айта кету керек, өткен аптада Ғабидолла Әбдірахымов Шымкент қаласы әкімі қызметінен босап орнына, Ерлан Айтаханов тағайындалған болатын.

Ал Президент Әкімшілігінің басшысы Қырымбек Көшербаев Әбдірахымовтың ел сенімін ақтамағанын алға тартқан еді.

Tengrinews.kz