Weekend
Сіз білуге тиіс қандай сырлар бар? Үлкен өмірге қадам баспай тұрып парақтап шықсаңыз - жолыңыздың болғаны. Отбасын жаңа құрған жастарға да берері көп
Адам болып өмірге келгендіктен де біз мына дүрбелең дүниеге тектен-тек келмегенімізді ұғынуымыз керек. Әр адамның өзіндік міндеті бар. Ал қыз баласының ең негізгі миссиясы - сүйікті жар, ақ келін, аяулы ана атану.
Ол - заңдылық. Отбасын "шағын мемлекет" дейміз ғой. Сол мемлекеттің бірлігі мен тұтастығын сақтауда бас пен мойынның (ер мен әйел) өзара үйлесім табуы өте қажет. Меніңше отбасын құрғанға дейінгі қарым-қатынастың дұрыс жалғасым табуына жігіт жағы көбірек күш жұмсауы керек те, отбасын құрғаннан кейінгі жарасымдылықтың басым бөлігі әйел адамға байланысты сияқты. Ойлап қарасаңыз, бұл дұрыс та. Қыз - қылығымен тәтті. Жігіт жігіттігін жасай отырып қыздың еркелігін иіріп әкетіп, дегеніне көндіре алса, есті әйел өзіне жету жолындағы жасаған қадамдарын есепке ала отырып, ерін ерекше құрметтеп, бағалайды. Еркелігіне - ептілік, қылығына - құндылық қосып алады. Сәйкесінше екеуінің де бір-біріне деген бағасы, сыйластығы арта түспек.
Ал осы күрделі жолда өз адамыңды адаспай таба алудың өзі - зор мәртебе! Отбасын құрарда өмірдің дәмдісі мен тәттісін бөлісіп жеумен қатар, ыстығы мен суығына төзе білу керектігін де ескерген жөн.
Осы тұрғыда өмірдің үлкен белесіне қадам баспай тұрып Бексұлтан Нұржекеұлының "Ерлі-зайыптылар" романымен танысқаныма әрі табысқаныма қуандым. Құнды ақыл ешқашан артық болмайды ғой. Кітаптағы өзгелердің өмірі арқылы мысалға келтіріліп, сарапқа салынған жағдаяттарға қарап ой түйесің. Президент таңдау да, мемлекет құру да, оның ғұмырын соңғы деміңе дейін ұстап тұру да сізбен біз бөсіп жүргендей тым оңай дүние емес екенін ұғынасың. Әсіресе қыз балалар үшін білуге тиісті өнеге боларлық дүние мол. Әлбетте, ер адамдардың да оқып шыққаны артық болмас еді деп ойлаймын. Қыз баласының қыл үстіндегі тағдырын, әйел жанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Кітап туралы айтатыным көптен көөп. Соның ішінде әзірше өзім негізгі деп санағандарға аздап шолу жасап отырмын.
Қазіргі таңда анасы мен қызының, жеңгесі мен сіңілісінің дәп бұрынғы заманғыдай ақыл айтып, сырласа қоятыны көп еместігі белгілі ғой. Ілескүлдің өз көрген-білгендерін есепке ала отырып қызына арнап жазған сөздерінен біраз нәрсе аңғарып, өз бойымдағы қателіктерді де байқамай қалғам жоқ.
Рас қой. Бүгінгі көптеген шағын мемлекеттердің күйреуіне алып келіп жатқан сол менмендік пен өзімшілдік, түсініспеушілік, сыйластықтың болмағынан екендігі ақиқат. Әрине, әрқилы тағдырлар да бар. Оның бәрін де бір негізбен айыптай алмаймыз ғой.- Бірінші еріңді сыйла. Еріңді сыйлағаның - өзіңді сыйлағаның. Еріңді сыйлау арқылы ғана өзіңді сыйлата аласың, - деп үйретеді қызына.
Сонымен қатар Зеріптің сырынан да қылдай нәзік қыз тағдырының күрделілігінен хабар алып, ашынасың, күйінесің. Міне, осының бәрін дұрыс түсініп, адами тұрғыдан ерлік жасай алатын ерлер есептеулі ғана.
"Нағыз махаббат үйленгеннен кейін сыналады" дейді. Үйленгеннен кейін кездесер кедергілер көп-ақ. Соның бәрін жеңуге ең керек нәрсе - Сенім.
Автор шығарма соңын мынадай әдемі жолдармен түйіндейді:
"Менің ойымша, махаббат жолында "әзәзіл" де жолығады, күдік пен қызғаныш та кезігеді - бәрі болады. Бірақ сондай сәттерде ЖІГІТ ЖІГІТТІГІН ЖАСАУ КЕРЕК, әйтпесе оның несі ЖІГІТ?! .