Weekend

«Бір күні Голливудта»: Тарантиноның тоғызыншы фильмі жайлы не білеміз?

Прокатқа бармай тұрып не білгеніміз жөн?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

8 тамызда Қазақстан прокатына белгілі режиссер Квентин Тарантиноның «Бір күні Голливудта» («Однажды в Голливуде» / «Once Upon a Time in Hollywood ») картинасы жол тартады. Режиссердің тоғызыншы жұмысынан не күту керек, қандай жағдайларға дайын болу керек және жалпы бұл жоба не жайында – прокат алдында білу керек фактілерді назарларыңызға ұсынамыз.

«Бір күні Голливудта» фильмінің алғашқы көрермендері – 2019 жылғы Канн кинофестивалінің қонақтары еді. Фестиваль аясындағы премьерасы биыл 21 мамырда өтті. Көрсетілімнен кейін залдағы көрермен алты минут бойы қол шапалақтап, қошемет көрсетіпті.

Фильмнің оқиғасы 1960 жылдардың соңында Лос-Анджелесте өрбиді. Бұл кезең Голливудта алтын ғасырдың аяқталып, кинопрокат монополиясы азайған тұс еді. Сәйкесінше кино өнімдері телевидение арқылы көбірек тарала бастады, өйткені теледидар көптеп сатылды, әр үйде «көк экран» пайда болды. Телевидениенің дамуы үлкен кинодан бөлек тележұлдыздардың пайда болуына алып келді. Негізгі оқиға осындай телефильмдердің жұлдызы – Рик Далтон (Леонардо Ди Каприо) мен оның дублері Клифф Бут (Брэд Питт) төңірегінде өрбиді.

«Бір күні Голливудта» - сол заманның тұлғаларын бір экранға тоғыстыратын туынды. Мұнда атақты қылмыскер Чарльз Мэнсонның (Деймон Херриман сомдайды) және оның бандасының қанды оқиғаларының куәсі боламыз. Бұл банда әйгілі режиссер Роман Поланскидің (Рафал Заверуха сомдайды) жары, сұлу актриса Шэрон Тейтті (Марго Робби сомдайды) қатыгездікпен өлтіргені белгілі. Сондықтан осы аталған кино жұлдыздарының образдары да көрініс табады.

Оқиға Голливудта өтетіндіктен, кино өндірісінің кадрларынсыз болмайтыны анық. Сондай-ақ фильмде Брюс Лидің де образы бар. Оны Майк Мо есімді актер ойнайды. Бұдан бөлек Уэйн Мондер, Стив Маккуин, Мерил Стрип секілді сол заманның жас жұлдыздары көрсетіледі.

Квентин Тарантино осыған дейін картиналарын ағайынды Вайнштейндердің продюсерлігімен, солар құрған Miramax Films және The Weinstein Company компаниялар арқылы шығарып келді. Бірақ Харви Вайнштейн жыныстық мәжбүрлеу оқиғаларымен айыпталғаннан кейін, режиссер карьерасында алғаш рет басқа студиямен әріптестік орнатты. Осы «Бір күні Голливудта» фильмін Sony Pictures компаниясы таратады. Ірі ұйым болғанына қарамастан, Тарантиноның ақырғы монтаж құқығын өзіне қалдырды. Сол себепті режиссердің өз қолтаңбасы сақталатынына сенім бар.

Фильмнің қазіргі кездегі рейтингі:

КиноПоиск: 7,5/10

IMDb: 8,5/10

Rotten Tomatoes: 85% (7,7/10)

Metacritic: сыншылар – 84 балл, юзерлер – 7,3/10.