Саясат

Дания Еспаева: Қыз зорлағандарға химиялық кастрация жасау керек

Зорлау фактілерінің көбі ашылмай жатыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Парламент Мәжілісінің депутаты Дания Еспаева поезда орын алған жолаушы қызды зорлауға қатысты өзінің пікірін білдірді.

Дания Еспаеваның пікірінше, қыз зорлауды ауыр қылмыстың қатарына қосу керек. Ал бұл қылмысты бірнеше рет қайта жасаған қылмыскерге химиялық кастрация жазасын қолдану қажет дейді.


 - Бүгін қоғамда "Тұлпар-Тальго" пойызындағы зорлау ісі кең талқыға түсіп жатыр. Себебі  қылмыс жасаған екі жолсерік жеңіл жаза алып, оңай құтылып кетті.  Мені таңғалдырғаны — ұйымдасқан зорлау қылмысына жеткілікті дәлел болса да, судьяның жеңіл жаза беруі. Баршамыздың әпке-қарындасымыз, қызымыз бар. Құдай басқа салмасын, егер олар да осындай қорлыққа тап болса қайтеміз? Мұндай жеңіл жаза арам ойлы қылмыскерлерді тоқтата ала ма?, – дейді депутат.
Дания Еспаева "Мұндай жаза қаншалықты заң шеңберінде болса да, бұл жәбірленушіні қорлау. Сондай-ақ жеңіл жаза алған қылмыскерлер бостандыққа кешіріммен бір жылдан соң да шығып жатады" деп санайды.
- 2019 жылдың басынан бері елімізде 799 зорлау фактісі орын алған. Меніңше бұл нақты дерек емес. Мұнан да көп болуы мүмкін. Себебі көп қыз-келіншектер елдің сөзіне қалудан қорқып, құқық қорғау орындарына арыз-шағым түсірмейді. Сондықтан кез келген зорлық-зомбылық ісін ауыр қылмыс қатарына жатқызып, қылмыскерлердің түрмеден шартты түрде бостандыққа шығуын жою керек деп санаймын, — дейді Дания Еспаева.
- Мұнан бөлек бүгінде педофилдерге қолданылатын химиялық кастрация жазасын да осындай ауыр қылмысты бірнеше рет жасағандарға қолдану мәселесін қарастыру қажет. Мен әйел ретінде, халық қалаулысы ретінде парламентте осы мәселені көтеретін боламын, — деп  мәлімдеді депутат.


Informburo.kz