Bugin

Теңіз кенішінде тағы да шу шықты: Жүздеген адам жұмыстан қуылды

Жұмысшылар бізді заңсыз жұмыстан шығарды деп отыр

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Атыраудағы Теңіз кенішінің жұмысшылары тағы да бас көтерді. Бірақ бұл жолы олар "бізді жұмыстан заңсыз шығарып отыр" деп наразылықтарын білдіріп жатыр. Басқа жұмысқа тұра алмай сандалып жүргендер де бар екен. Өйткені олардың қайдан келгенін естіген өзге фирма басшылары айтқандарына мүлдем құлақ аспай, есікті тарс жабатын көрінеді. Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.

Елді дүр сілкіндірген Теңіз кенішіндегі даудан кейін барлық қызметкерлерге демалыс беріліп, жұмыс уақытша тоқтатылған болатын. Сол кезде облыс әкімі Нұрлан Ноғаев келіп, "Қызметімізден айырылып қаламыз ба деп" алаңдаған жұртқа "Қорықпаңыздар, бәрін өз бақылауымда ұстайымын деп уәде еткен еді" дейді.

Екі ай жұмыссыз отырған жұрттың үміті күні кеше үзілді. Компания қызметкерлері жұмысшыларға хабарласып, келісім шарттын бұзылғанын мәлемдеген. Енді 200-ге жуық адам не істерін білмей сандалып жүр. Қала тұрғыны Жеткербай Күлімжанов есеңгіреп қалғанын айтады.

- Өзіміз шок болып қалдық мұндайды естігенде. Алдын кредит алып, үй алып, сөйтіп жасап едік. Бала-шағамыз бар ғой бәріміздің. Олай болмайды ғой бір күнде сөйтіп қысқартып жіберетін. Алдын ала ескертіп айту керек. Осындай болады, жағдай осындай деп, - дейді ол.

- Алдында Тенгизде көтеріліс болған кезде, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев сол өзі айтты ғой, ешқандай жұмыстан қысқарту болмайды, жұмыстың барлығы жүреді деп. Сонда осы әкімнің сөзі қайда? Бізде айтқан уәдесі қайда? Біз ертең мына 200 адам қайдан жұмыс табамыз? Күздің уақыты, қыс та жақындап келе жатыр. Жұмыс болмайды да ғой көп жерлерде, - дейді тағы бір тұрғын Жаслан Қабдешев.

Телеарна тілшілері мән-жайды компания басшылығынан білмек болған. Бірақ ондағыларды жұмыс орнынан табылмаған. Дегенмен келісімшартпен бүге-шүгесіне дейін танысқан еңбек иснспекторы, барлығы да заң аясында жүріп жатқанын жеткізді.

- Бұлардың жағдайы бойынша еңбек шарты белгілі бір жұмыстың аяқталуына дейін жасалған, егер оның уақыты келген жағдайда жұмыс беруші хабарлама беріп еңбек шартын бұзуға құқылы, - дейді Атырау облысы мемлекеттік еңбек инспекциясының бөлім басшысы Кемел Иманғалиев.

Десе де, бір күнде нәпақасынан айырылған жұмысшылар мұның заңды екенімен еш келіспейді. Бұл іске тез арада жергілікті биліктің араласқанын талап етіп отыр.

kaz.tengrinews.kz