Bugin

Қызылордалық құқық қорғау органдары электронды форматқа көшті

Қызылорда облысы құқық қорғау органдарының арнайы жобалары электронды жүйеде қызмет көрсетеді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Өңірде «Әкімшілік өндірістердің бірыңғай тізілімдері» жобасы сәтті жүзеге асып келеді. Жоба жол ережесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық айыппұлдарын төлеу ісін және іс-құжаттарды толтыру үдерісін автоматтандыруға бағытталған.

 - Ашықтыққа қол жеткізу мақсатында барлық мемлекеттік органдарда «Тексеру субъектілері мен объектілерінің бірыңғай тізілімі» ақпараттық жүйесі жұмыс жасай бастады. 2018 жылдың шілде айынан бастап тексерулер электронды форматқа көшті. Бұл арқылы бақылаушылар мемлекеттік органдарға кабинетте отырып-ақ тексеру тағайындауға және кәсіпкерлердің уақытылы хабарлама алуына мүмкіндік туып отыр. Тексеру тіркеуден өткеннен кейін кәсіпкердің ұялы телефонына «Сізге тексеру келеді» мәтінімен рush-хабарлама жіберіледі. Алдағы уақытта ұялы қосымшаға «Неге мен?» батырмасын қосу жоспарланған, - дейді ҚР Бас прокуратурасының құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қызылорда облысы бойынша басқармасының бөлім басшысы Мәди Әбішев.

Осындай электронды жобалардың тағы бірі «е-Өтініш» деп аталды. Аталған жоба да азаматтардың өтінішін қарау және қабылдау бойынша мемлекеттік органдардың жұмыс әрекетін жүйелеуге арналған. «е-Өтініш»  электронды жүйесі мерзімінен бұрын тоқтатылған өтініштерді анықтауға, аудан азаматтарының проблемалық сұрақтарына талдау жасауға, сондай-ақ қарауға жатпайтын өтініштерді анықтауға мүмкіндік береді.

Айта кетсек, «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында мемлекеттік органдардың ішкі қызметін цифрландыру және мемлекеттік деңгейде шешімдерді қабылдау процестерін жақсарту мақсатында бірқатар тапсырмалар жүктелген. Осы ретте, құқық қорғау органдары атқарылатын жұмыстардың электронды форматқа ауысуына ерекше мән беруде.