Саясат
Саяси тұтқындар Атамбаевтың жемқорлықпен айналысқаны жайлы қаншама дәлелдер бола тұра, ел президентінің неге қол қусырып отырғанына таңқалуда
Қырғызстанда Саяси тұтқындарды оңалту жөніндегі азаматтық одақ мүшелері экс-президент Алмазбек Атамбаевты тұтқындауды талап етіп отыр, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы barometr.kg сайтына сілтеме жасап.
Атамбаевты айыптаған қоғам белсенділері елдің Бас прокуратурасы мен Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік кеңесіне хат жазып, оны әлеуметтік желіде бөлісті.
- Мемлекет басында Алмазбек Атамбаев отырған кезде, елде жемқорлық пен қылмыс жайлап, қырғыз халқы мен мемлекеттің мүддесіне қарсы өлшеусіз зиян келді. Оның айналасындағы қызметкерлердің барлығы жауыз адамдар болып шықты, - деп жазған хатта қоғам белсенділері.
Ал жаңадан келген президент Сооронбай Жээнбеков елдің мүддесін өз мүддесінен жоғары қойып, «билікті жемқорлар мен арамзалардан тазартуды бастаған». Оны Қырғызстанның Жоғарғы кеңесі де қолдап, Алмазбек Атамбаевты экс-президент мәртебесінен айырған көрінеді. Алайда екі жыл билікте отырған Жээнбеков «жемқорлықпен күрескенімен», еш нәтиже «шығара алмады».
- Соңғы жылдары елде түсініксіз, ойға қонымсыз жағдайлар болып жатыр: құқық қорғау органдары елдің саясатын орындамай отырған сияқты көрінеді. Былайша айтқанда, құқық қорғау органдары парламенттің өзі қолдау көрсетіп, жақтап отырған президенттің саясаты мен тапсырмасын орындамай, өз алдына байкот жариялап бас тартып отырғандай әсер қалдырады. Алайда құқық қорғау органдарының өзі президентке бағынбай ма?! – делінген хатта.
Сонымен қатар хат иелері Бішкек ЖЭС-ін жөндемек болып, қаржы қымқырған Асқарбек Шадиевтің, қылмыс әлемінің серкесі Азиз Батықовты босатып жіберді деп айыпталған Бұсырманқұл Табалдиевтің неге бостандықта жүргеніне, елге әкеліп, неге тұтқындалмайтынына аң-таң. Одан бөлек, Жоғары кеңес депутаттарының өзі Атамбаевқа таққан алты түрлі айыптың ең ауыры – мемлекеттік билікті басып алу мен саяси тұтқындарды қудалаудың неге алынып тасталғанын да түсіне алмай әлек. Жоғарыдағы деректерді айта келе, одақ мүшелері бұған Атамбаевтың қатысы бар деп ой қорытады.
- Жауап ап-анық: Сіздер Атамбаевты жасырын түрде қолдап отырсыздар, сондықтан халықтың, елдің алдындағы ең үлкен айыбын жауып тастадыңыздар. Қолда жеткілікті дәлелдер бола тұра, неге Атамбаевты тұтқындамай отырсыздар? Себебі Атамбаевтың жақтасысыздар және ашық айқас басталса, ашық түрде қолдауға барсыздар. Мұның барлығы саяси спектакль, - деп атап өтті саяси тұтқындар.
Хат иелері Атамбаевтың мемлекеттік төңкеріс жасауға дайындалып жатқанын әрі бұған ел ішінде «отау құрып» Қой-Таш Халық Республикасын негіздегенін алға тартады.
- Күзде Атамбаевтың жақтастары мемлекеттік төңкеріс жасайды. Еліміздің тәуелсіздігі қыл үстінде тұр. Бұл жайлы, тіпті, шетелдік сарапшылар да ашық айта бастады. Егер жақын арада елде төңкеріс болып, жаппай бассыздық орнап, зардап шегушілер көбейсе, тіпті, мемлекеттің қауіпсіздігіне сын түссе, түсініңіз, басты кінәлі Сіз боласыз. Өйткені сіз Жээнбековтың саясатын қолдап отырсыз. Сондықтан сізден тез арада Атамбаевты тұтқындауыңызды сұраймыз, - деп шағымданды Бас прокурорға одақ мүшелері.