Экономика

АҚШ-Қытай сауда соғысы: Америкалық компаниялар бір күннің ішінде $117 млрд шығынға батты

Бұлардың арасында "Фейсбуктің" иесі Цукерберг те бар

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

АҚШ пен Қытай арасында сауда соғысы америкалық компаниялар мен акциялар үшін оңай болмай тұр. АҚШ акциялары бір күнде құлдырап, 500-ге тарта компания 117 миллиард долларынан айырылып қалды, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Bloomberg басылымына сілтеме жасап.

Әлем экономикасындағы екі ірі мемлекеттің теке-тіресінен қаржы орталықтарында құнды қағаздар нарығы құлдыраған. Сондай-ақ әлемнің ірі қаржы орталығы Гонконгтегі наразылықтар да кері әсер етуде.

Салдарынан Amazon компаниясының негізін қалаушы Джефф Безос бір күнде 3,4 млрд доллар қаржысын жоғалтты. Алайда ол 110 млрд доллар қаржысымен әлемдегі ең бай адамдар тізімінде көш бастап тұр. Сондай-ақ Louis Vuitton Moеt Hennessy компаниясының бас директоры Бернар Арно 4 млрд доллар капиталын жоғалтқан. Ал Facebook әлуметтік желісінің негізін салушы Марк Цукерберг 2,7 млрд долларынан айырылған.

Көп қаржы жоғалтқандардың қатарында қытайлық миллиардерлер де бар. Мәселен, қытайдағы танымал WeChat желісінің негізін салушы Ма Хуатенг 1,6 млрд доллар қаржы жоғалтқан. Ал танымал Alibaba компаниясының иесі Джек Ма 1 млрд долларын жоғалтқан көрінеді.

Таяуда АҚШ президенті Дональд Трамп Қытайдан келетін тауарларға салынатын баж салығын 1 қыркүйектен бастап 10% пайызға көтеруді тапсырған болатын. Ал Қытай билігі АҚШ-тың бұл әрекетіне юанды құнсыздандыру арқылы жауап берді. Бұл қадам АҚШ-та Қытай тауарларына деген сұранысты одан әрі арттырмақ.

Көптеген сарапшылар мұндай қадамдар әлемдік экономика нарығын одан әрі тұрақсыздандырып, ірі компанияларға кері әсер етеді деп отыр.