Саясат
Кеше, 7 тамыз күні, "Альфа" арнайы жасағы Атамбаевты тұтқындау үшін Қой-Ташыдағы үйіне басып кірген еді
Алайда Атамбаевтың жақтастары "спецназдарға" қарсылық танытып, оқ жаудырған, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы barometr.kg сайтына сілтеме жасап.
Атыстың кесірінен 42 адам жараланған. Оның ішінде құқық қорғау органының қызметкерлері де бар. Арнайы жасақтың екі жауынгеріне оқ тиіп, біреуі көз жұмды. Оған атылған оқ брон кеудешенің өзін тесіп өтіп, кеудесіне тиген. Қайтыс болған жігіт небары 22 жаста ғана екен. Ал екіншісінің жағдайы ауыр: ота жасалғанымен, жан сақтау бөлімінде жатыр.
Қазіргі уақытта бұл оқиғаға байланысты «Адам өлтіру» фактісі бойынша қылмыстық іс ашылды. Қазір тергеу амалдары жасалып жатыр.
Елдің Ішкі істер министрлігінің хабарлауынша, арнайы жасақ жауынгерлері Атамбаевтың резиденциясына басып кірмек болғанымен, қару қолданып, оқ атпаған. Тек жиналған жұртты тарату үшін рәзіңке оқ қолданып, қорқытпақ болған. Керісінше, Атамбаевтың жақтастары қару ұстап, далаға қарай оқ жаудырған көрінеді.
Ал бүгін, 8 тамыз күні, таңертең Қырғызстанның президенті Сооронбай Жээнбеков еңбек демалысынан шұғыл түрде оралып, Қауіпсіздік кеңесінің кезектен тыс отырысын өткізді.
Айта кету керек, бұған дейін Саяси тұтқындарды оңалту жөніндегі азаматтық одақ мүшелері экс-президент Алмазбек Атамбаевты мемлекеттік төңкеріс жасауы мүмкін деген болжам жасап, Бас прокурор мен Ішкі істер министрлігінен бұрынғы президентті тұтқындауды талап еткен еді.
Елдің құқық қорғау органдарының Атамбаевты ұстамақ болғанына да осы талап ықпал еткен көрінеді.
Кейін кешке таман Атамбаевтың үйі орналасқан Қой-Ташыдан қарудың дауысы естіліп, граната жарылып жатқаны жайлы тұрғындардан хабарлама түсе бастады.
Одан кейінгі хабарламаларға көз жүгіртсек, Атамбаевтың жақтастары үйге басып кірмек болған арнайы жасақтың бірнеше жауынгерін ұстап алып, тұтқынға алған. Атамбаевтың жақтастары Ішкі істер министрінің орынбасары Құрсан Асановпен байланысып, қарулы күштерді алып кетуін, сонда ғана жауынгерлерді босататындығын мәлімдеген. Осыдан кейін ғана жараланған алты офицерді тұтқыннан босатқан.