Саясат
Елшілік қызметкерлері қазақстандық қызға ақшалай көмек көрсетіп тұрады
Қазақстанның сыртқы істер министрлігі Қытайда жазасын өтеп жатқан Ақжарқын Тұрлыбайдың қазіргі жағдайы туралы айтты.
Осыдан бес жыл бұрын ұсталған Қазақстан азаматы қазір Қытайдың Гуанчжоу қаласындағы түзету мекемесінде қамауда отыр.
Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің мәліметіне сүйенсек, Тұрлыбай қасындағы сотталғандарға ағылшын тілін үйретіп жүр.
"Көркем әдебиеттерді оқиды. Дене шынықтырумен айналысады. Қытай тілін жақсы меңгеріп алған. Түзету мекемесіндегі жағдайға қатысты шағымы жоқ", - делінген сыртқы істер министрлігінің Sputnik Қазақстан сауалына берген ресми жауабында.
Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің қызметкерлері Гуанчжоудағы түрмеге барып, Тұрлыбайдың қал-жағдайын біліп тұрады екен. Бұған қоса, ақшалай көмек көрсетіп, сұраған кітаптарын тауып береді.
Министрліктің ақпаратынша, қазір Ақжарқын Тұрлыбайдың ісі ҚХР Гуандун өлкесі Жоғарғы халық сотының қарауында. Оған қатысты тергеу жұмысы жүргізіліп жатыр.
"Тұрлыбайдың заңды құқықтарын және мүдделерін сотта қорғау мақсатында "Шетелде Қазақстанның мүдделерін білдіру" бағдарламасы бойынша республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа Бейжіңнің "Дахэн" адвокаттық компаниясынан білікті заңгер жұмысқа тартылды", - делінген хабарламада.