Bugin

Бір балаға 4 мың рубльден: Татарстан көпбалалы аналарға әлеуметтік төлемақы тағайындады

Баласы бар басқа да отбасыларға түрлі әлеуметтік көмек түрлері берілетін болады

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Бұл жайында Татарстан Республикасының Еңбек, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау министрі Эльмира Зарипова айтты, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы Татар-Информ сайтына сілтеме жасап.

- 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап баласы бар отбасыларға бірқатар әлеуметтік көмек түрлері беріле бастайды. Мәселен, табысы күнкөріс деңгейінен төмен бес және одан да көп баласы бар отбасылардың әр баласына ай сайын 4 мың рубльден (23 мың теңгеден – ред.) жәрдемақы беріледі. Ондай отбасылардың саны – 627. Одан бөлек, табысы күнкөріс деңгейінен төмен отбасылардың барлық балаларына балабақша тегін болады, - дейді Зарипова.

Одан бөлек, министрдің айтуынша, табысы күнкөріс деңгейінен төмен 3 жасқа дейінгі баласы бар отбасыларға дәрі-дәрмек сатып алу үшін жыл сайын 10 мың рубль (59 мың теңге – ред.) қаржылай сертификат беріліп отырмақ.

- Кішкентай баласы бар отбасылардың табысының көбі дәрі-дәрмекке кетеді. Сондықтан бұл 3 жасқа дейін баласы бар ата-аналар үшін үлкен көмек болмақ, - дейді министр.

Татарстанда жыл сайын бюджеттің 21%-ы баласы бар отбасыларды қамтамасыз етуге жұмсалатын көрінеді. Бұл, шамамен, 77 млдр рубль (454 млрд теңге – ред.). Бұл қаржы денсаулық сақтау, білім беру және міндетті медициналық сақтандыру салаларына жұмсалады.