Саясат
Саяси тұтқындарды босату қажет
10 тамызда бір топ шымкенттік белсенді Қытайдағы қазақтардың қысымға ұшырауы мәселесін көтеріп жүрген тіркелмеген "Атажұрт еріктілері" ұйымының жетекшісі Серікжан Біләшті қолдап, жиын өткізді. "Араздық қоздыру" бабы бойынша айыпталған Серікжан Біләш наурыз айында қамауға алынып, шілде айының соңында соты басталған еді.
Жиырма шақты адам қатысқан жиында алғаш болып сөйлеген қала тұрғыны Шымкентбай Бөртебай "30 жылдан бері аузымыз күйді, саяси тұтқындардың бәрін босатуды қолдаймыз" деді.
Оның сөзін жалғаған белсенді Нұржан Арапбай "елде азаматтық ұстанымы үшін қудаланған азаматтардың кейбірін" атап шықты.
- 2016 жылы жер үшін Макс Боқаевты түрмеге жапты. Макс Боқаевтікі дұрыс болмаса, неге жер сатуға мораторий жариялады? Мұхтар Жәкішев неге түрмеде ұстап отыр? Серікжан Біләш Қытайдағы қазақтарға араша түскені үшін заңсыз ұсталды, - деп сөзін түйді ол.
Жиында Шымкент тұрғыны Нұржан Сұлтанбаев "Қазақстанның бірінші байлығы - адам. Бұл Конституциямен бекітілген. Серікжан Қытайдағы геноцидті, жетім мен жесірдің жанайқайын әлемге жеткізді. Оның бар кінәсі осы. Біз оған бостандық тілейміз" деді.
Жиында белсенділер Серікжан Біләштің Қытай қазақтарын қорғаудағы үлесін атап өтіп, Нобель сыйлығына ұсыну мәселесін де көтерді. Олардың бірі қол жинауға да шақырды. Бұған дейін осыған ұқсас жиын-акциялар елдің өзге қалаларында да өткен.
45 жастағы Серікжан Біләш – Шыңжаңнан көшіп келген, біраз жылдан бері отбасымен Алматыда тұратын белсенді. Ол жетекшілік ететін "Атажұрт еріктілері" ұйымы 2017 жылдан бері Қытайда тұратын аз ұлттардың қысымға ұшырап жатқанын айтып келеді.
Қазақстан билігі Біләшті биыл наурызда Алматыда ұстап, артынша Нұр-Сұлтанға әкеткен. Оған "ұлтаралық араздық қоздырды" деп айып тағылып, үйқамаққа алынды. 29 шілдеде басталған алғашқы сот отырысында қорғау тарабының өтінішімен оның ісі Нұр-Сұлтаннан Алматыға жіберілді. Белсенді өзіне тағылған айыптарды жоққа шығарып, істің саяси астары бар санайды.
Интернетте Серікжан Біләш туралы қарама-қайшы ақпарат көп. Оны қолдайтын топ өкілдері Біләшті "Қытайдағы қазақтардың басына түскен қасіретті әлемге таратқан құқық қорғаушы" деп атаса, сыншылар оны "белгілі бір топтың мүддесіне астыртын жұмыс істейді" деп айыптайды.
Серікжан Біләш ұсталған соң халықаралық сарапшылар Қазақстан билігі өз азаматтарының құқығын емес, Қытаймен қарым-қатынасты жоғары қояды деп сынаған. Істің саяси астары бар деп болжаған халықаралық басылымдар Қытайдан жиі несие алатын Қазақстанның экономикалық әріптесі әрі алып көршісімен қарым-қатынасын бұзғысы келмейтінін айтқан.
Азаттық радиосы