Саясат

Кремль неге Атамбаевты жақтамады: Қазақ билігін ренжітіп алмаудың амалы ма?

Атамбаевтың Мәскеуден оралғаннан кейін және Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкімет басшыларының кездесуіне дейін ұсталуының мәні неде?

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Атамбаевтың неге дәл осы уақытта ұсталғанына таңданыс танытқан саясаткерлер көп болды. Әсіресе, қырғыз депутаттарының біраз басы қатты. Бұған ресейлік «Версия» басылымы былайша тұжырым жасайды.

- Біздіңше, Кремльдің Атамбаевқа қолдау көрсетпеуінің арғы жағында Қазақстан үкіметімен араздасып қалмауының амалы жатқан сияқты. Өйткені Атамбаев – қазақ билігін сынап, өткір пікір айтқан адам. Сондықтан Кремльдің алдында бір-ақ таңдау бар еді: не өз ойында қалып қырғыз билігін қолдау, не аймақтағы басты тірегі әрі бизнес-серіктесі Қазақстан билігін таңдау болды. Біздің ойымызша, Кремль соңғы таңдауға тоқталған сынды, - деп жазады Версия.

Басылымның жазуынша, Атамбаев та Кремльге жат адам емес, өйткені ол Қырғызстандағы билік транзитін бейбіт түрде қазақ билігімен де, орыс билігімен де тату Жээнбековтің қолына беріп, кейін де оны қолдап, мемлекеттік мәселелерге араласқан жоқ. Бұл Ельциннің Путинге «жол бергені» сияқты жағдай еді. Басылым бұл жерде қазақстандық саясаттанушы Досым Сатпаевтың пікірін алға тартып, Жээнбековтың Атамбаевты ұстаудағы басты мақсаты – өзін бұрынғы биліктен азат ету, бағынғысы келмейтіндігін дәлелдеу болды дегенге келтіреді.

- Жээнбековтің Атамбаевтың үйіне дәл Ресейден келгеннен кейін шабуыл жасаудағы мақсаты – экс-президенттің жаңа президентке бағынғысы келмейтінін көрсетудің амалы ғана еді. Атамбаев қарсылық көрсеткеннен кейін билік те оны ұстауға бел сыбана кірісіп кетті. Қырғызстан – Орталық Азияда екі рет төңкеріс жасаған әрі аймақтағы басқа мемлекеттермен салыстырғанда, әділірек президент сайлауын өткізген мемлекет. Демек, ертең де Жээнбековке өз орнына мұрагер қалдыруға тура келеді. Ал Атамбаевтың басына келген күн оның да басына келмесіне кім кепіл, - дейді бұған қатысты Досым Сатпаев.  

Аталмыш басылым Атамбаевқа қылмыс әлемінің серкесі Әзиз Батықаевты қолдан медициналық анықтама жасап, елден қашырып жіберді деп айыпталуы билік үшін жай ғана сылтау болғанын, сол арқылы Атамбаевқа қысым көрсетуге ілік тапқанын айтады.

- Батықаевтың өзі 2013 жылы Ресейге қашып кеткен еді. Содан бері алты жыл өтті. Тек биыл көктемде ғана ауқымды қылмыстық іс ашылып, бұл іске қатысы бар дегендердің барлығы бірінен кейін бірі тұтқындала бастады. Батықаевты босатуға үкім шығарған судьядан бастап елдің бұрынғы денсаулық сақтау министрі, тіпті, бұрынғы елдің вице-министрі де ұсталды. Ал экс-вице-министр болса, Батықаевты Атамбаев босатып жіберді деп куәлік берген. Бұдан басқа дәлел жоқ. Бірақ соған қарамастан, Жээнбеков экс-президенті жауапқы тарту туралы заңға қол қойып, кейін Атамбаевтың өзіне пара алды деп айып тағылады, тергеуге шақырылады. Ал Атамбаев тергеуге бармай тұрып, Мәскеуге ұшып келіп, Путинмен кездеседі. Соған қарағанда Атамбаев ресей билігі оған қолдау көрсетеді деп ойлаған сияқты. Алайда Путин «қазіргі президенттің айтқанына көну керек» десе керек, - деп тұжырымдайды Версия басылымы.

Осы орайда айта кеткен жөн, Қырғызстанның басылымдары бүгін Атамбаев өмір бойы абақтыға қамалуы мүмкін деген ақпараттарды таратқан еді. Оған жемқорлықтан басқа адам өлтірді және мемлекеттік төңкеріс жасамақ болды, тергеуге кедергі келтірді деген сынды айыптар тағылып отыр. Атамбаевтың бірінші күні берілмей қоюының өзі оның басына «бәле боп» тигенге ұқсайды.