Bugin
Жақында ғана Ғабидолладан кейін қызметтен кеткен Данат Жұминнің компаниясы Шымкент қаласының пиарға бөлінген қомақты қаржысын «ұтып алып» отырған
Журналистің қолындағы ақпараттарға қарағанда, Шымкент қаласының бұрынғы әкімі Ғабидолла Әбдірахымовтың орынбасарының үнемі тендерден қаржы ұтып отырған компаниясы болған, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы.
Тілші Зәуре Мирзаходжаеваның Фейсбукте жазған жазбасына қарағанда, Ғабидолла Әбдірахымовтың үзеңгілесі әрі қызметтесі Данат Жұминнің иелігінде "APEX-consult" атты компания бар әрі ол 2016 жылдан бері тендерге қатысып, қомақты қаржы ұтып келеді.
- Мәселен, Жұминнің меншігіндегі компания 2017 жылы Шымкент қалалық ішкі саясат басқармасының... 97 млн теңгеге тең тендерін ұтып алған. Ол шамамен, 300 мың доллар! Ал 2018 жылы 56 млн теңгенің тендерін алса, 2016 жыл бұл компания үшін ең «табысты» жыл болған. Бұл жайлы кейін айтармын. Әзірше, 2017 жылғы 10 тендерлік байқаудың 7-еуін осы компанияның байқауға қатыспай-ақ ұтып алғанына назар аудартқым келеді, - деп жазады журналист.
Журналисттің ойынша, Шымкент қаласының имиджіне осыншама қаржы жұмсаудың өзі ақылға қонымсыз, құр шығын. Оның үстіне, мұндай қаржының қайда жұмсалғаны белгісіз.
Айта кеткен жөн, Ғабидолла Әбдірахымов 30 шілде күні Шымкент қаласының әкімі қызметінен босаған болатын. Ал осыдан кейін бір аптадан соң Данат Жұмин да жұмыстан кеткен еді.
Ал Әбдірахымовтің өзі Шымкент қаласы әкімі болып 2015 жылы тағайыдалған.