Bugin

Берел қорығындағы құнды жәдігерлер цифрлық форматқа көшірілмек

«Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің құнды жәдігерлері цифрлық форматқа көшіріледі

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com


Қатонқарағай ауданында халықаралық Жастар күніне орай ұйымдастырылған ІX мобильді медиа мектебі өз мәресіне жетті. Аталмыш шара барысында аудандағы Берел қорық-музейінің құнды жәдігерлерін цифрлық форматқа көшіру және оларды сақтау бойынша шеберлік сағаттар өтті.

Семинар барысында тарихи жәдігерлерді сақтау модульдері бойынша қазба жұмысына келген археолог-студенттермен түрлі пікір алмасулар болды. Сондай-ақ Берел мәдениетін цифрлық форматқа көшірудің тиімді тұстары және оның музей жұмысының жандануына тигізетін ықпалы жайында сөз қозғалды.

- Берел қорғандары Шығыс Қазақстанның ғана емес, тұтас еліміздің брендіне айнала білді, - дейді белгілі археолог, профессор Зейнолла Самашев.

Жиынға келген қонақтар «Берел» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайын аралап, қорғандағы қазба жұмыстарымен танысты. Сонымен қатар жастар «Берел және Шілікті қорғандарының ұқсастығы мен айырмашылығын анықтайық» тақырыбында топтық жұмыстар жасады. Орындалған тапсырмалар шеңберінде Венн диаграммасын құрап шығарды.

«Берел мәдениеті: жәдігерлерді цифрлық форматқа көшіру» атты халықаралық Жастар күніне орай ұйымдастырылған ІX мобильді медиа мектептің өтуіне Қазақстан Республикасындағы Біріккен Ұлттар Ұйымы Жаһандық Коммуникация департаменті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С.Аманжолов атындағы Шығыс-Қазақстан мемлекеттік университеті ұйытқы болған.

Айта кетсек, «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясында тарихи нысандарды жаппай цифрландыру жұмыстары қолға алынған болатын. 2025 жылға дейін Қазақстан музейлерін цифрлық форматқа көшіру жоспарланып отыр. Қазіргі таңда Қожа Ахмет Яссауи және Қарахан кесенелері 3D-форматында цифрландырылды.