Саясат

Мәскеу АҚШ шекарасына ядролық қару жеткізе алатынын көрсетті

Ресей Аляскаға жақын базасына екі "ядролық бомбалаушы" жіберді

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Ресей екі "ядролық бомбалаушысын" Аляска штатымен шекаралас қиыр шығыстағы ауданына ұшырғанын айтты. Бомбалаушылар жаттығу аясында ұшырылған. Ресей мемлекеттік арналарының сөзінше, бұл Мәскеудің АҚШ шекарасына ядролық қару жеткізе алатынын көрсеткен.

14 тамызда Ресей қорғаныс министрлігі Ту-160 бомбалаушы ұшағы 8 сағатта 6 000 шақырымға - Саратовтағы базадан Чукоткадағы Анадырға дейін ұшып барғанын хабарлады. Анадыр қаласы Беринг бұғазы арқылы АҚШ-тың Аляска штатымен шекаралас.

СССР кезінде құрастырылған тез ұшатын ұшақ шағын радиустағы 12 ядролық зымыранды артып, тоқтамастан 12 мың шақырым ұша алады.

Ресей қорғаныс министрлігі ұшақтардың жіберілуі осы аптаның соңына дейін жалғасатын "тактикалық жаттығудың бір бөлігі" болғанын айтты.

Биыл 2 тамызда 31 жыл бұрын АҚШ пен Ресей қол қойған ядролық келісімнің күші жойылды. 1987 жылы совет үкіметі мен АҚШ радиусы 500-5500 шақырым болатын баллистикалық және қанатты зымырандарды құрастырмауға өзара келіскен еді. Сарапшылар бұл келісімнің жойылуы Ресей мен АҚШ арасындағы қарулану бәсекесін күшейтеді деп қауіптенеді.

Келісімге сәйкес, екі тарап ядролық оқтұмсықтардың санын алдағы жеті жыл ішінде - 1550-ге дейін, құрлықтағы, теңіздегі және әуедегі баллистикалық зымырандар санын 700-ге дейін азайтуы тиіс болған.

Зымыран туралы келісім күшінің жойылуына Вашингтон мен Мәскеудің бір-бірін "келісім-шартты бұзды" деп айыптауы себеп болған. Бұған дейін АҚШ пен НАТО ресейлік 9М729 "Новатор" қанатты зымыраны (SSC-8 деп те атайды) келісімде көрсетілген шектен алысқа ұшады деп Мәскеуді бірнеше рет айыптаған. Ресей мұны терістеп, келісім шарттарын АҚШ-тың өзі бұзып отыр деп мәлімдеген. Вашингтон бұл айыпты жоққа шығарған.

Азаттық радиосы