Bugin

Қазақстанның халқы 2027 жылы 20 млн.-ға жетеді

20-29 жас аралығындағы әйелдер саны айтарлықтай азаяды

Авторларды қолдау орталығы

mediabugin@gmail.com

Туу және өлім-жітім көрсеткіштері өткен жылдың деңгейінде сақталса 30 жылдан кейін Қазақстан халқы 24 миллион адамнан асады. Олардың 9 миллионы еліміздің ең ірі үш қаласында тұратын болады.

Мұндай тұжырымдарға Еңбек ресурстарын дамыту орталығының (бұдан әрі ЕРДО) сарапшылары ҚР Ұлттық экономика министрлігі статистика комитетінің ақпаратын талдау нәтижесінде қол жеткізді. Ресми мәліметтерге сәйкес, Қазақстан халқы биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша жыл басынан бері 112 мың адамға көбейіп, 18,5 миллионнан асқан.

ЕРДО сарапшыларының мәліметі бойынша, туу және өлім-жітім көрсеткіштері өткен жылдың деңгейінде, ал көші-қон ағындары соңғы бес жылдың орташа мәнінде сақталса Қазақстан халқының орташа жылдық саны 2027 жылға қарай 20 миллион адамнан асады, ал 2050 жылға қарай ол 24,5 миллион адамға жетеді.

- Алайда халықтың өсуі біркелкі емес. 2050 жылға қарай бес облыстың (Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары) халқы бүтіндей есептегенде 1,3 миллион адамға немесе 2018 жылмен салыстырғанда 24% қысқаруы мүмкін. Тек бірінші жартыжылдықта аталған өңірлердің халқы 8,3 мың адамға азайған, ал кеткен адамдардың саны келгендерден 21,4 мыңға артық. Егер көші-қон құрылымында 20-30 жас аралығындағы адамдар басым болатындығын ескерсек, табиғи өсу деңгейінің төмендеуіне байланысты адам санының азаюы бұдан да жылдамдай түсуі ықтимал, - деп толықтырды Дмитрий Шумеков.

Сонымен бірге, 1990 жылдардың аяғы мен 2000-шы жылдардың басындағы бала туу деңгейінің төмендеуіне байланысты 20-29 жас аралығындағы әйелдер саны айтарлықтай азаятынын айтты. Егер 2018 жылы олардың саны 1,4 миллион адамды құраса, 2025 жылға қарай дәл осы көрсеткіш 1,1 миллион адамға дейін азаяды деп болжануда. Нәтижесінде бала туу есебінен халық санының өсуі баяулайды, бірақ бұл үрдіс тоқтамайды.

ҚазАқпарат