Weekend
1964 жылы Жан-Пол Сартр оған берілген әдебиет бойынша Нобель сыйлығынан бас тартты және журналистерге оның себебін түсіндірді
Авторларды қолдау орталығы
mediabugin@gmail.com«Бұл істің жанжалға айналғанына өкінемін: сыйлық берілді, бірақ иегері одан бас тартты. Мен Академияға жолдаған хатымда айтқанымдай, марапаттан бас тартуымның себебі Швеция академиясына да, Нобель сыйлығына да қатысты емес. Хатта мен ол себептерді жеке басыма қатысты және объективті деп екіге бөліп атадым.
Жеке басыма қатысты себеп
Менің бас тартуым – бұл асығыс әрекет емес. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін 1945 жылы маған Құрметті легион ордені ұсынылған кезде, тіпті, үкіметте достарым басқарып отырса да, мен одан бас тарттым. Достарымның кейбірі ұсынса да, мен ешқашан де Франс колледжіне түскім келмеді.
Осы ұстанымның негізінде жазушының еңбегі туралы менің көзқарасым жатыр. Саяси, әлеуметтік немесе мәдени салада белгілі бір позиция алған жазушы тек оған тиесілі құралдардың, яғни баспа сөзінің көмегімен әрекет етуі тиіс.
Әр түрлі ерекшелік белгілері оның оқырмандарын қажетсіз қысымға ұшыратады. «Жан-Поль Сартр» немесе «Жан-Поль Сартр, Нобель сыйлығының лауреаты» қолтаңбасының арасында айырмашылық бар.
Осы түрдің айырмашылығымен келіскен жазушы оны белгілеген қауымдастық пен мекемені де байланыстырады. Сонымен, венесуэлалық партизандарға деген көзқарасым тек маған ғана қатысты. Алайда егер «Жан-Поль Сартр - Нобель сыйлығының лауреаты» Венесуэланың қарсылығын жақтаса, ол да Нобель сыйлығының институтын өзіне қосады.
Жазушы өзін институтқа айналдыруға жол бермеуі керек, тіпті егер ол бұл жағдайда ең құрметті формаларды қабылдаса да.
Бұл менің жеке позициям екені анық, онда осы марапатқа ие болғандарға сын айтылмайды. Мен көптеген құрметті жеңімпаздарды құрметтеймін және танимын.
Объективті себеп
Қазіргі уақытта мәдени майдандағы күрестің жалғыз мүмкін формасы екі мәдениеттің: шығыс және батыстың бейбітшілікте қатар өмір сүруі үшін күрес болып табылады. Мен мұнымен мәдениеттерді бауырластыру қажет деп айтқым келмейді. Осы екі мәдениеттің өзара келісімі сөзсіз қақтығыс түрінде болатындығын жақсы түсінемін. Бірақ бұл жағдай адамдар мен мәдениеттер арасында институттардың араласуынсыз орын алуы керек.
Өзім осы екі мәдениеттің арасындағы қайшылықты терең сезінемін: осы қарама-қайшылықтардың жемісімін. Бүйрегім сөзсіз социализмге және Шығыс блогына бұрып тұрғанымен, алайда буржуазиялық отбасында туып-өстім. Бұл маған екі мәдениеттің жақындасуын қалайтындардың бәрімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Алайда, әрине, «үздіктер жеңеді», яғни социализм жеңеді деп үміттенемін.
Сондықтан мен шығыс пен батыстың жоғары мәдени мекемелерінен қандай да бір марапаттарды алғым келмейді, дегенмен олардың бар екенін жақсы түсінемін. Барлық көңілім социализм жағында болса да, мысалы, Ленин сыйлығын біреу маған кенеттен ұсынса, дәл осылай оны да қабылдай алмас едім.
Нобель сыйлығының өзі Батыс блогының әдеби сыйлығы емес екенін жақсы түсінемін, бірақ оны осылай жасады.
Сондықтан қазіргі жағдайда Нобель сыйлығы – бұл Батыстың жазушыларына немесе Шығыстағы «бүлікшілерге» арналған сыйлық. Мысалы, Оңтүстік Американың ұлы ақындарының бірі Неруда марапатталмады. Бұл марапатқа лайық Арагонның кандидатурасы ешқашан байыпты талқыланбаған еді. Нобель сыйлығы Шолоховқа емес, Пастернакқа бұйырғаны және Сыйлықты алған жалғыз кеңестік еңбек шетелде басылып, туған елінде тыйым салынғаны өте өкінішті жағдай. Алжирдегі соғыс кезінде мен және басқалар «121-дің манифесіне» қол қойған кезде, бұл марапатты ризашылықпен қабылдар едім, өйткені бұл тек мені ғана емес, сонымен бірге біз күрескен бостандықтың даңқы да шығар еді. Бірақ бұлай болған жоқ, сыйлық маған соғыс аяқталған кезде берілді».
Жан-Пол Сартр. «Не үшін Нобель сыйлығынан бас тарттым?»
1964 жылы 23 қазанда Парижде швед тілшілеріне жасаған мәлімдемесі
arzamas.academy
Мемлекеттік сатып алу бойынша
8 705 324 11 61