Саясат
16 тамыз күні «Нұр Отан» партиясының Саяси кеңес отырысы өтпек, оған бірінші де, екінші де президент қатыспақ
Биыл билеуші орган - «Нұр Отан» партиясының құрамы біраз өзгертілген болатын, сол өзгертілген құрам бірінші рет жиналып, Саяси кеңес отырысын өткізбек, деп хабарлайды Bugin.kz тәуелсіз авторлар платформасы exclusive.kz сайтына сілтеме жасап.
Саясаткер Оразғали Селтаевтың әлеуметтік желідегі жазбасына қарағанда, елдің қоғамдық-саяси жағдайын бағалау үшін бұл оқиғаны қалт жібермеу керек.
- Саяси бюро отырысынан кейін елдің ішкі саясаты қалай құрылып, қай бағытты басшылыққа алатынын жайлы нақты қорытындылар жасауға болады. Күн тәртібінде бірнеше мәселе бар. Отырыста кезектен тыс парламент сайлауын өткізу, «Нұр Отан» партиясының бағдарламаларын жаңарту, Мәжілістегі бұрынғы депутаттардың орнына жаңа депутаттарды енгізу сынды мәселелер қаралуы мүмкін, - дейді саясаткер.
Саясаткердің ойынша, «Нұр Отан» партиясы елде болып жатқан оқиғаларды ескере отырып, өзінің стратегиялық жоспары мен партиялық саяси бағытын барынша айқындап, бекітіп алуы тиіс.
- Партияның ішін дұрыстап тазалап, партия құрамын жасақтаудың принциптерін қарастыруы қажет. Бір сөзбен айтқанда, «Нұр Отан» партиясы заманауи партиялық құрылым болып жасақталуы тиіс. Қоғамдық бақылауды да күшейтуі тиіс. Саяси дискуссияға жол ашып, саналы жастарды өздеріне тартуы керек. Қысқасы, бұл отырысты жіті бақылауға алатын боламыз, - деп жазды Селтаев.