Bugin
Алакөл аймағындағы кәсіпкерлер шенеуніктердің әділетсіздігіне ұшыраған
Себебі кейбір «дөкей» кәсіпкерлер санитарлық нормаларға пысқырып та қарамай, рұқсат етілмеген орталық алаңда емін-еркін кәуаптарын сатып отыр. Ал «дөкейлердің» бұлайша тайраңдауына қай шенеунік рұқсат берген?
Былтырдан бері Алакөлдегі арбат жолында көктүтіндетіп «шашлык» сатып отырған кәсіпкерлердің жолы біраз кесіліп еді. Себебі кәсіпкерлердің бұл ісі шипалы аймақтың экологиясына, «ем алам» деп келген демалушылардың денсаулығына кері әсер ететіндіктен, облыс әкімі кәуапханаларды арнайы аймаққа көшіруді тапсырған.
Бұл ұсыныс кейбір кәсіпкерлерге жақпаса да, амалсыз басқа жерге кете барған. Алайда шенеуніктердің нәпақасын кәуаптан тауып отырған шағын бизнес өкілдеріне ғана шамалары жеткен сыңайлы.
- Орталық алаңның жаяу жүргіншілер жолында бұрын анықталған бірқатар олқылықтар өз шешімін тауып, санитарлық эпидемиялогиялық номаларға сай болып келе жатыр. Шағын бизнестегілер орталықта кәуап сатудың экологиялық түрде зиян екенін түсініп, орталық аллеядан кетіп, ал үлкен демалыс базалары мен қонақ үйлер орталықта «шашлык» сатуға рұқсат алған. Яғни, экология басқармасының басшысы онсыз да «қолы ұзын» бизнесмендерге рұқсат етіп отыр. Бұл қалай болғаны? Мен осымен екінші рет ескертіп отырмын. Бұл сіздер үшін жақсылықпен аяқталмайды, - деп ескертті облыс әкімі Даниал Ахметов әкімдіктегі кеңейтілген аппарат отырысында.
Осылайша облыстағы табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу жұмыстарына жауапты басқарма басшысы Мұрат Құсайыновқа кәсіпкерлердің айтар уәжі бар. Демек бұл елде заң барлығына бірдей қолданылмайды деген сөз.
- Кәсіпкерлердің уәжі орынды, әділетсіздік бар. Өйткені Құсайынов мырза өз білгенін істеді. Ол ҚР-ның санитарлық норманың сақталмауы мен құқықбұзушылыққа көз жұмып отыр, - деген облыс әкімі басқарма басшысының құйтырқы әрекетіне тосқауыл болмақ. - Мұрат Мүбаракұлы, мәселе дұрыс шешім таппаса, бұл іске өзім білек сыбана кірісемін. Кәсіпкерлердің салы суға кетіп отырғанын білесіз бе? Неге қарапайым адамдарға рұқсат жоқ, ал «біреулерге» болады екен? Ал ол «Заңнан аттап өтуге болады» деп ойлаған Құсайынов дейтін баз біреудің кінәсінен болып шықты. Арнайы құрылымдарға сізбен тікелей жұмыс істеуді тапсырамын.
Әкімнің бұлайша кіжінеуі расымен де арты жақсылыққа апармайтын сыңайлы. Енді басқарма басшысы бұл олқылықтан сабақ алмайтын болса, әкімнің айтып отырған арнайы құрылымның, яғни, сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің қармағына ілінері сөзсіз.