Экономика
ШҚО-да жеңіл өнеркәсіп саласының тасы өрге домаламай тұр
Жеңіл өнеркәсіп саласымен айналысатын аймақта 46 кәсіпорын бар. Кәсіпорындар Глубокое, Шемонаиха, Алтай, Өскемен, Семей сынды қалалардан орын тепкен.
Ал облыстағы тапсырыстың жалпы көлемінің басым бөлігін, яғни, 62 пайызын Семейдегі кәсіпорындар еңсеріп отыр. Мұнда бұл салаға машықтанған 10 бірдей кәсіпорын бар.
Алайда бұл өңір жеңіл өнеркәсіп индустриясы үшін аз. Облыс әкімінің айтуынша, кәсіпкерлерге бұдан да жақсы қолдау көрсетуге әбден болады. Мәселен, "Казцинк", "УМЗ", ТМК сияқты аймақтағы ірі зауыт, өндірістік орындардағы жұмысшылардың арнайы киімдерін де жергілікті кәсіпкерлерге тіктіртсе, аймақтағы жеңіл өнеркәсіп саласы қарқын алмақ.- 1-ші жарты жылдықтың қорытындысы бойынша аймақтағы кәсіпорындардың жалпы табысы 2 млрд.-қа жетті. Оның басым бөлігі Семей қаласына тиесілі, - деп атап өттіоблыстық кәсіпкерлік және индустриялық инновациялық даму басқармасының басшысы Ержан Шұрманов. - Оның үстіне биыл көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан балаларды мектеп формасымен қамту бойынша кәсіпорындармен жалпы сомасы 630 млн теңгеге келісім жасадық. Олар да өз кезегінде құралдарын жаңартып, ішкі нарығын тұрақты түрде дамытпақ.
- Алдымен, кәсіпорындардың қайдан, нені алып отырғанын және облыстан тыс жерден кім нені алып келетінін білу керек. Одан кейін неліктен біз ол киімдерді өндіре алмайтынымызды анықтау керек. Үшіншіден, олардың сапа жағынан талабын анықтап, талдау жасау керек. Біз өз нарығымызды қорғауымыз керек. Жартысы Ресейге тапсырыс беріп, тіктіреді. Бұған жол бермеу керек. Бұл мәселені шешпесек, сіз бен біз мұнда не үшін отырмыз?! - деп облыс әкімі Даниал Ахметов басқарма басшысына тапсырма берді.