Bugin
Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылында көпбалалы, жалғызбасты және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар паналап жатқан пайдалануға жарамсыз деп табылған аурухана ғимаратынан өрт шығып, ондағы отбасылардың барар жер, басар тауы қалмаған.
30 шілдеден 31-іне қараған түні сағат 2-лер шамасында тұрғын үйден өрт шығып, бірнеше отбасы астанадағы 5 періштенің күйін кешіп, ажал құша жаздаған. Абырой болғанда, тұрғындар аман-есен.
Алайда бұл ескі аурухана ғимаратында көпбалалы, жалғызбасты және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар тұрып жатқаны бұған дейін де айтылған, шенеуніктердің хабары бар болған. Бірақ мәселеге биліктегілер бей-жай қарап, ондағы отбасыларды жылы шығарып салып отырған. Енді міне, ғимараттан өрт шығып, бір түнде астаң-кестеңі шығып, бірқатар отбасылар далада қалып отырған жайы бар.
Дегенмен, Тарбағатай ауданы, Ақсуат ауылының әкімдігінде өрт шыққан ескі ауруханада тұрып жатқан отбасыларымен кездесу өтіп, мәселені қалай кешенді шешу жайлы талқылаулар, түсіндірмелер көп айтылған сыңайлы. Аудан әкімі Серікқазы Сәдуақасов ауылдағы өрт болған көппәтерлі тұрғын үйлердің жағдайымен танысу мақсатында арнайы құрылған комиссия құрамымен барып, тұрғындармен кездескен. Тіпті, шарасыз күй кешкен отбасыларға Ақсуаттан емес, Көкжыра ауылынан үй беру ұсынылыпты. Алайда...
- Алайда тұрғындар Ақсуат ауылынан көшуден бас тартты. Сол себепті тиісті мекеме, бөлім басшыларымен Ақсуат ауылдық округі әкіміне тез арада аталған отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу жөнінде тапсырмалар бердім. Қазіргі уақытта Ақсуат ауылынан бос пәтерлер іздестірілуде. Сонымен қатар, өрттен жапа шеккен 4 отбасыға біржолғы материалдық көмек берілетін болады.
Бұған қосымша Ақсуат ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Толқын Жалелова жеке қабылдауымда болды.
- Қабылдау барысында көпбалалы ананың тұрғын үй мәселесі қаралды. Құзырлы органдар арқылы көпбалалы ананың үй кезегіне тұру үшін халыққа қызмет көрсету орталығының басшысы мен тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар транспорты және автокөлік жолдары бөлімінің басшысына тиісті тапсырмалар берілді. Жоғарыда аталған мәселелер шешімін тапқанға дейін тікелей өз бақылауымда ұстайтын боламын, - деп аудан әкімі Серікқазы Құсайынұлы өрттен жапа шеккен тұрғындарға уәде берді.
Қиын жағдайға тап болған отбасылар қазір сол аурухананы паналап жүр. Сондай-ақ, ол үйде 4 отбасы ғана тұрмайтыны, ондаған отбасы паналайтыны белгілі болды. Тұрғындар басқа пәтерлерде де «өрттің ысы қалған, тұруға жарамсыз» деп шағымданып отыр. Бірақ құзырлы орган тарапынан әлі нақты жауап жоқ.
- «Әкімдіктенбіз» деп келген мамандар тұрғындардан «бұл ауруханада тұра береміз, ешқайда көшпейміз» деген қолхат жаздырып алды. «Қолхатты не үшін жазамыз?» дегенде, «бюджеттен жөндеу жұмыстарырна ақша сұрау үшін» деген жауап қатқан.Бюджеттен ақша сұрау үшін тұрғындардың қолхаты қалай көмек?! Өз еріктерімен тұрады екен, өз еріктерімен жөндеп алсын деген басшыларға тиімді емес пе? Ал қолхат жазып берген тұрғындарға, өздеріңіз жаздыңыздар, енді не қыл дейсіңдер деген жауап болмай ма? Бұл аурухана ғимараты кеңес заманында салынғандықтан, әлі екі ғасыр уақыт құламай тұра береді. Бұл ескі ғимараттың сапасы жаңа салынған он үйден артық. Күрделі жөндеу жұмыстарын жасап, есік алдына, сыртына жөндеу жасаса, су, жылу кіргізіп берсе, толықтай жаңаласа, жап-жақсы тұрғын үй болып шыға келер еді, бірақ мұны істемейді ғой, - деген тұрғындардың үрейі мен талабын жеткізді үй тұрғындарының бірі Саягүл Ақчалова.